ОҚО әкімі Ж.Түймебаев пен қала әкімі Н.Сауранбаевқа шаһардың жаңа келбеті бойынша жасалған жобалар таныстырылды.
Әкімдер алдымен Қошқар ата жобасы аясында өзен жағалауында салынатын көп қабатты үйлер мен Қарасу, Қошқар ата өзендерінің бойын абаттандыру макетін тамашалады. Тиісті сала басшылары Қошқар ата өзені бойында көп қабатты үйлер, әлеуметтік нысандар, көпшілік орындар мен жол салу үшін жалпы 642 жер учаскесі мен құрылыс нысандары мемлекет мұқтажы үшін қайтарылуы тиіс екенін айтты. Бүгінде бұл бағыт бойынша жұмыс атқарылуда. Жансейіт Қансейітұлы өз учаскелерін босатып берген азаматтарға алғысын айтып, қаланың көркеюі үшін әр тұрғын осылай атсалысу керегін жеткізді.
Жобаның бірінші кезеңі бойынша өзен жағалауының екі бетінен 10 метр жерді құрайтын аймақ абаттандырылмақ. Бұл құрылысқа шамамен 1 223,0 млн теңге жұмсалады деп жоспарлануда. Бүгінде аталған жоба аясында Ордабасы алаңынан Өзбек көшесіне дейінгі өзен бойымен жүріп өтетін жолдар көгалдандырылып, абаттандырылуда.
Айта кетейік, Қошқар ата ерекше мәдени-тарихи маңызға ие, киелі орын деп танылады. Өзен жағалауында Қошқар ата кесенесі орналасқан. 2010 жылы жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын аумақ мәртебесін алған өзеннің бастауынан Ордабасы алаңына дейінгі 1,5 шақырым жер қалпына келтіріліп, абаттандырылды. Ал жалпы Қошқар ата өзенінің ұзындығы 78 шақырымды құрайды.
Әкімдер назарына бұған қоса Д.Қонаев даңғылы жалғасының жобасы ұсынылды. Екі кезең бойынша жүргізілетін жол құрылысының I кезеңінде Түркістан көшесінен Әйтеке би көшесіне дейінгі аралықта ұзындығы 580 метр, ені 42 метр жол салынса, II кезеңде Әйтеке би көшесінен Володарский көшесіне дейін ұзындығы 480 метр, ені 42 метр болатын жол салынады.
Облыс әкімі бастаған жұмысшы топ пен БАҚ өкілдері Қошқар ата өзенінің бойымен «Shymkent Plaza» ойын-сауық орталығына дейінгі 7 шақырым жерді жаяу аралап, өзен бойында және ескі қалашық аумағындағы жұмыстарды көрді. Сонымен қатар «Арбат» пен №11 шағынауданындағы каналды абаттандыру бойынша жасалған жоба таныстырылды.