Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Жеңістің 73 жылдығы қарсаңында соғыс ардагері Мұраталы Төлепбергенұлын Ұлы Жеңіс күнімен арнайы құттықтап барып, сый-сияпат жасады.
Өңір басшысы қарияға екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі жанкешті ерлігі мен еңбегі үшін алғыс айтып, ұрпақтың бақытты болашағы үшін отқа түскен майдангерге мықты денсаулық пен ұзақ өмір тіледі.
Майдангер өзін құттықтай келген аймақ басшысына алғысын білдіріп, өзінің ақ батасын берді. Сондай-ақ, өңірдің өркендеуіне, қарыштап дамуы жолында жасап жатқан еңбегіне көңілі толатындығын жеткізді.
Бүгінде тоқсаннан асып отырған ардагер кезінде Беларусь майданында болып, Одер өзенінен өту, Украина, Белорусь жерлерін азат етуде ерлік көрсеткен. Брест қамалы, Варшава, Данск, Виссмарк, Биттенбург, Перлеберг қалаларының шайқасына қатысқан. Соғыста көрсеткен ерліктері үшін: ІІ–ші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны женгені үшін» және мерекелік медальдармен марапатталған.
Германияның Биттенберг қаласында жауынгерлік жолы жеңіспен аяқталған майдангер елге 1950 жылы оралған. Соғыс ардагері 2 ұл 6 қыз өсіріп, 19 немере, 10 шөбере сүйіп отыр.
Айта кетейік, Мұраталы Төлепбергенұлына 2014 жылы мемлекет тарапынан Шымкент қаласынан пәтер берілген.