Бәйдібек ауданының 90 жылдығы және «Боралдайдың бозторғайы» ақын Орынбай Таймановтың 150 жылдығы орай Боралдай ауылында дүркіреп өтті. Шара Орынбай Таймановтың кесенесінде құрбандық шалынып, құран оқумен басталды.
О.Таймановтың 150 жылдығын атап өтуге, кесенені қалпына келтіруге үлес қосқан бірқатар азаматтарды ақынның 150 жылдық медалімен және алғыс хаттармен марапаттады. Жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығының лауреаты Е.Тұрысов пен қоғам қайраткері, жазушы М.Байғұт О.Таймановтың өлеңдері, жыр-дастандары, айтыстары жинақталып, жарық көрген кітабының лентасын салтанатты түрде қиды.
Одан әрі қарай ісшара «Қаратау» ауылдық мәдениет үйінде республикалық ақындар айтысына жалғасып, еліміздің Астана, Жамбыл Қызылорда, Семей Шымкент қалалары мен Бәйдібек ауданынан барлығы 10 ақын қатысты.
Айтыста Ақмарал Леубаева (Бәйдібек ауданы), Нұрлыбек Мейірманов (Бәйдібек ауданы), Қажымұқан Абзалов (Бәйдібек ауданы), Біржан Байтуов (Бәйдібек ауданы), Нұрғали Әнапия (Шымкент қаласы), Нұрмат Мансұров (Астана қаласы), Ринат Зайытов (Алматы қаласы), Қанат Мырзаханұлы (Жамбыл облысы), Рүстем Қайыртай (Семей қаласы), Мөлдір Айтбай (Қызылорда қаласы) сынды айтыскер-ақындар додаға түсті.
Додадан оза түсіп, жүйрік шапқан Біржан Байтуов бас жүлдені қанжығасына байлап, автокөлік кілтіне ие болды.
(Ә.Ә.)
Азат Дидарбектің фоторепортажы