Оңтүстік Қазақстан облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың 10-13 мамыр күндері аралығында Қазақстандағы Өзбекстан Республикасының жылына орай Өзбек ұлттық академиялық драма театрының Оңтүстік Қазақстан облысында гастрольдік іссапары өтті.
Аталған жыл аясында өңірімізге келген өзбекстандық өнер ұжымы үш күн бойы облыс жұртшылығына Эркин Хушвақтовтың «Көңіл» комедиясын ұсынып, зор қошеметке бөленді.
Мәдени қарым-қатынасты ұлғайту, көрші елдің сахнадағы ерекше қойылымдарын күнгей өлкенің көрермендеріне тарту етіп, достық байланысты паш етуге бағытталған гастрольдік сапар барысында өзбекстандық өнер ұжымы Шымкент қаласы мен Сайрам аудандарында аталған туынды арқылы отбасы бақыты мен құндылығы жайында терең ой қозғады.
Гастрольдік сапардың жабылу салтанатында Өзбек ұлттық академиялық драма театрының директоры, Өзбекстан Республикасына қызмет көрсеткен әртіс, «Мехмат-Шухрат» орденінің иегері Масудов Фатхулла Хусанұлы жылы шыраймен қарсы алып, ерекше ықылас білдірген оңтүстікқазақстандықтарға алғысын білдіріп, екі ел арасындағы байланыс одан әрмен нығая беретіндігіне сенімділігін жеткізді.
(Ә.Ә.)
Асхат Әссандидің фоторепортажы