Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған бағдарламаларды іске асыруда «Қазақстан» Теле Радио Корпарациясы» АҚ атадан балаға мирас болған ұлт өнерін ұрпаққа насихаттау үшін республикалық «Мен – қазақпын» атты дәстүрлі әнші, термешілер және күйшілер арасындағы байқауын жариялады.
Оңтүстіктен іріктеліп шыққан үш өнерпаз республикалық деңгейде өңір намысын қорғайтын болады. Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Ontustik» телеарнасының директоры Бауыржан Бердімұратов мәлімдеді.
«MEN QAZAQPYN» мега жобасының мақсаты – атадан балаға мұра болып келе жатқан төл өнеріміз дәстүрлі ән-күй, термелерді одан әрі дамытып, бүгінгі күн талабына сай түрлендіре отырып, өскелең ұрпаққа насихаттау.
Ән мен күйді, терме, толғауларды орындаушы жастардың шеберлігін шыңдап, көпшілікке таныстыруды көздеген жобаға ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен «QAZAQSTAN Республикалық ТелеРадиоКорпорациясы» АҚ мұрындық болып отыр.
Биыл екінші рет өткізілгелі отырған халықаралық телевизиялық жобада қазақтың әр аймағында қалыптасқан өнер мектептерінің таңдаулы туындылары дәріптелуде.
(Ә.Ә.)