Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстел жұмысына ЮНЕСКО/ИКОМОС консультативтік миссиясының бағдарламасы аясында келген ресейлік сарапшы Наталья Душкина, Мәдениет және спорт министрлігінің тарихи-мәдени мұра басқармасының бас сарапшысы Әлібек Күзербаев, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі директорының орынбасары Серік Үркімбаев, «Қазқайтажаңғырту» бас директорының орынбасары Еркеболат Тоқмағамбетов, «Қазқайтажаңғырту» ғылыми-зерттеу және жобалау филиалының директоры Садуақас Агитаев, «Қазқайтажаңғырту» ғылыми-зерттеу және жобалау филиалының бөлім басшысы Ләззат Бейсенбаева, Түркістан қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Жұмахан Ерубаев, Түркістан қаласы тарихи бөлігінің даму жобасының бас сәулетшісі Нұрғали Иманжанов және өзге де сала мамандары қатысты.
Басқосуда «Жібек жолы» бойында орналасқан Түркістан қаласының тарихи бөлігін қайта қалпына келтіру, жаңарту мәселелері мен келешекте туризм орталығына айналуына жол аша отырып, бүкіләлемдік деңгейдегі мәдени мұраға зиян тигізбей оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің барлық жолдары талқыланды.
Оның ішінде «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің аумағында жүргізілетін реставрациялық жұмыстар барысында археолог маманның қатысуын қамтамасыз ету, Күлтөбе қалашығын қорғау, сақтау және келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қоршау сынды бірқатар мәселелер де бар.
© «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мəдени
қорық-музейінің баспасөз қызметі