Сан ғасырлық мұралардың киелі ордасына айналған Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Астананың 20 жылдығына орай 18-мамыр Халықаралық музей күніне арналған аудан көлеміндегі қолөнер шеберлері мен суретшілер жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкенің мақсаты жергілікті қолөнершілер мен суретшілердің қолынан шыққан туындыларын көпшілік назарына ұсына отырып, өңірімізге келетін туристердің халқымыздың қолөнеріне деген қызығушылығы мен сұранысын тудыру болып табылады. Жыл сайынғы музейлер мерекесінде осы іс-шараны дәстүрге айналдыру арқылы өңірімізде атадан-балаға мирас болған ұлттық өнерді қайта жаңғырту болып табылады. Арнайы келген қонақтар жәрмеңкенің көркін ашқан қолөнер бұйымдарымен танысып, әрбір шебердің туындыларына қызығушылықтарын білдірді.
Айта кетсек, 40-қа жуық қолөнер шеберлері мен қылқалам иелері қатысқан шараға 500-ден аса туындылары қойылды. Шара барысында қолөнершілер көрмеге келушілерге ұсталық өнердің қыр-сырымен таныстырып, шеберлік сағаттарын өткізді.
Бұндай өнерді кәсіп еткен шеберлер Отырар өңірінде аз болмаған. Олар Тегіс ұста, Тегісұлы Арын, Сыздық Ұста, Сыздықұлы Надайымбек, Қалдаяқ ұста, т.б. Бүгінде олардың қолынан шыққан бұйымдары көне жәдігер болып мұражайда сақталса, есімдері тарих беттерінде жазулы.
Сондай-ақ, Жаңабек Мамыт, Бақытбек Амангелдиев, Жанұзақ Ерімбетов, т.б. отырарлықтар осы кісілердің бүгінгі жалғасы іспетті.
(Ә.Ә.)
Асхат Әссандидің фоторепортажы