Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Канн кинофестивалінде «Үздік әйел рөлі» номинациясының жеңімпазы атанған қазақстандық актриса Самал Еслямова түскен «Айка» фильмінің режиссері Сергей Дворцевоймен кездесті.
Өңір басшысы жерлестерінің атынан еліміздің кинематография саласын дамытуға үлесін қосып жүрген және оның әлемдік деңгейде танымал болуына қосқан үлесі үшін кинорежиссер Сергей Дворцевойға шынайы алғысын білдіріп, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапаттады. Сондай-ақ, Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени байланыстарды нығайту жолындағы еңбегіне сәттілік тіледі.
Өз кезінде кинорежиссер Сергей Дворцевой көрсетіліп жатқан құрмет пен қошемет үшін алғысын білдіріп, алдағы уақытта Қазақстанның кинематография саласының дамуы жолында аянбай еңбек ететінін сеніммен жеткізді. Сонымен қатар Оңтүстік өңірінде киноиндустрияны дамытуға ерекше көңіл бөлініп, жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанынан хабары бар екенін айтып өтті.
Осы ретте аймақ басшысы облыста бүгінде онға жуық киностудияның бар екенін айтып, солардың бірі халықаралық фестивальдардың жеңімпазы, жас ұрпақты тәрбиелеуге арналған қазақ тіліндегі 50-ге жуық анимациялық фильм түсірген «Сақ» киностудиясын атап өткім келеді деді.
Асхат Әссандидің фоторепортажы