Өзбекстан Президентінің Қазақстанға жұмыс сапары аясында Нұрсұлтан Назарбаев Шавкат Мирзиёевпен кездесті. Кездесуде өзбек көшбасшысының биылғы наурыз айындағы мемлекеттік сапары барысында екі ел арасында қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу мәселелері талқыланды. Бұл туралы akorda.kz сайты жазады.
Мемлекет басшысы өткен кездесуден бері екі ел арасындағы іскерлік белсенділіктің артуы байқалып отырғанын атап өтті.
– Биылғы бірінші тоқсанда экономиканың түрлі саласындағы іскерлік өзара қарым-қатынастың деңгейі артты. Осы орайда, көлік-логистика саласын, автоөнеркәсіпті, сондай-ақ өңірлік ынтымақтастықты атап өтуге болады. 2017 жылғы алғашқы үш айда тауар айналымы 37%-ға өсті, – деді Қазақстан Президенті.
Ш.Мирзиёев тығыз екіжақты кездесулер мемлекетаралық қарым-қатынастың тиімділігіне тікелей ықпал етіп отырғанына назар аударды.
– Биылғы наурыз айындағы сапардан соң біз бірлескен жұмыстардың барлық бағыты бойынша жол картасын қабылдадық. Министрлер, өңірлер басшылары деңгейіндегі кездесулер жиіледі, – деді өзбек көшбасшысы.
Бұдан бөлек, Өзбекстан Президенті Ресей Федерациясынан мұнай тасымалдау мәселесіне байланысты қолдау көрсеткені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.
Соңында екі ел басшылары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықтың оң қарқыны сақталып, одан әрі дами беретініне сенім білдірді.