Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Төле би ауданына жасаған жұмыс сапарының соңында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында түсіріліп жатқан «Төле би» атты 10 сериялы көркем фильмінің түсірілім алаңын аралады.
Облыс әкімдігінің қолдауымен «Сақ» киностудиясы қолға алған бұл фильм жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейді. Фильмде Төле би және өзге де би-шешендеріміздің қайраткерлігі көрсетілмек.
Өңір басшысы «Осындай көрікті мекендерде этноауылдарды көбейту керек. Табиғаты керемет жерде жұрт демалып қана қоймай, тарихымен танысады. Жақында араб тарихшыларының бірі жазған деректі оқыдым. Онда түрік әскерлері өте айбынды әрі батыр екені айтылады. Біз өз тұлғаларымызды, батырларымызды, билерімізді жас ұрпаққа дәріптеуіміз керек. Өз тарихы туралы әсерлі фильмдерді көріп өскен ұрпақ ұлтымен мақтан тұтатын болады. Түсіріліп жатқан фильмде ұлтымызыдың ұлағатты тұлғалары, халқымыздың салт-дәстүрі, батырлығы, шешендік өнері, жауынгерлігі көрсетіледі. Міне, бұл Елбасымыздың «рухани жаңғыру» бағдарламасымен үйлеседі» деп, түсірілім тобының жұмысына сәттілік тіледі.