Бүгін Түркістан облысының орталығы – Түркістан қаласында жоғары оқу орындарын бітіруші түлектерге диплом табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі. Мерекелік жиында Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өңірдегі барлық жоғары оқу орындарының үздік түлектеріне салтанатты түрде диплом тапсырып, оларды Түркістан қаласында жұмыс істеуге шақырды. Биыл Түркістан қаласының облыс орталығы болуына орай 300 жас маманға «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы жұмыс ұсынылып отыр. Оған облыстық бюджеттен арнайы қаржы бөлінеді.
Биыл облыстағы 12 жоғары оқу орнын 15 мыңнан астам түлек тәмамдады. Олар 58 факультетте 481 мамандық бойынша білім алды. Солардың арасында 895 студент сабақты жақсы оқып, үздік диплом иегері атанды. Үздік дипломға бітірушілер саны былтырғы оқу жылымен салыстырғанда көбейген.
Салтанатты диплом табыстау рәсіміне халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі білім, ғылым, мәдениет пен спорт саласындағы байқаулар мен жарыстарда ерекшеленіп, оқу үлгерімі «өте жақсы» деген GPA балы кемінде 3.67-ден төмен емес үздік 300 түлек марапатталды. Бітіруші түлектер арнайы қызыл кілемшемен жүріп өтіп, арнайы диплом мен төсбелгіге ие болды.
Салтанатты кеште облыс әкімімен қатар облыстық маслихаттың депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ЖОО басшылары, меценаттар мен кәсіпкерлер деқатысып, үздік түлектерге диплом тапсырды. Жас мамандардың елге адал қызмет етіп, биіктерден көрінетініне сенім білдірді.
Облыс әкімдігіне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырған іс-шара Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналды. Мерекелік бағдарламада облысқа және елімізге танымал өнер жұлдыздары өнер көрсетті. Іс-шара соңы отшашумен аяқталды.