Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » ОҚО жаңалықтары » Одақтың жаңа мүшесі

Одақтың жаңа мүшесі

«Ордабасы оттары» қоғамдық-саяси газетіне директор – бас редактор болып тағайындалғанына бір жылдан енді асқан Ғалымжан Зиябек көптеген игі істерді атқарып үлгерді. Біріншіден, газет пішіні өзгеріп, көркемдік жағы көп қосты. Екіншіден, шығармашылық ұжым өз тарихында тұңғыш рет кең кабинеттерде еркін творчестволық жағдайда жұмыс істеуге мүмкіндік алды – редакция жаңа жайға қоныс аударып, өзінің жеке мәжіліс залына қол жеткізді. Үшіншіден, ата газетіміз «Егемен Қазақстан» сияқты D-2 пішінінде облысымызда алғаш болып көшкен басылым да – осы «Ордабасы оттары». Төртіншіден, 118 мың халқы бар ауданда бұл газеттің таралымы 6 мыңнан асып отыр. Мақтануға тұрарлық жетістіктер басшының жеке қасиеттеріне, іскерлігіне, саланы жетік меңгергендігіне және абырой-беделінің биік екендігіне байланысты емес пе? Бұл қасиеттердің бәрі Ғалымжан Зиябектің бойында бар екеніне осы «Ордабасы оттары» газетін басқарып келе жатқан бір жылға жуық уақыт ішінде көзіміз жетіп отыр.

Әрине, журналистика саласындағы Ғалымжан Зиябектің еңбегі зор. Оның ашып, аяғынан тік тұрғызған «Жастар дауысы» және «Ибн Сина» газеттері – облыс оқырмандарының іздеп жүріп оқитын басылымдарына айналды. Бас редактордың жаңашылдығы мен өз ісіне жанашырлығы оның шығармашылық майданындағы маңдай терінен айқын байқалып жүр. Ғ.Зиябектің осы биіктігі ескерілген болу керек, жуырда Қазақстан Журналистер одағының мүшесі атанды.

Іске сәт, Ғалымжан! Ел сүйіспеншілігі мәңгі серігің болсын! Шын жүректен құттықтаймыз!..

Өз тілшімізден

Пікір жазу