Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » ОҚО жаңалықтары » ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВТІ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ЖИЫН

ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВТІ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ЖИЫН

Бүгін халқымыздың салт-дәстүрінің білгірі, еліміздегі музей ісінің дамуында өзіндік қолтаңбасын қалдырған мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің туған күні.

Осы орайда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен белгілі қоғам қайраткерін еске алу жиыны өтті.

Шараға  ұлт жанашыры Өзбекәлі Жәнібековтің нұсқауымен Тайқазанды Түркістанға қайтару жолында аянбай еңбек еткен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің бұрынғы директоры, қазіргі ардагер, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Нұрмахан Назаров, қоғам қайраткерінің  қарындасы Айғаным Серім, қоғам қайраткерінің өмірі мен қоғамдық қызметін зерттеуші ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Адырбекова Баян Садыққызы, ХҚТУ «Тарих» кафедрасының доценті Тұрсын Хазретәлі және тарихшы-ғалымдар мен музей қызметкерлері қатысып, естеліктерімен бөлісті.

— «Өз ағам өте ерекше жан болған. Ол тек туған-туыстың ғана емес барша қазақтың ағасына айналды. Жүзге, руға бөлінгенді жаны қаламайтын. Қазақтың салт-дәстүрлеріне де өте байыппын қарайтын. Жеңгем де ағамның осындай қасиеттерін толықтыруға лайықты жан болды. Қазаны оттан түспеуші еді. Қазақтың қаншама жақсы-жайсаңдары ағамның шаңырағындағы берекелі дастарханнан дәм татты. Өзім жастайымнан ағама еркелеп өстім. 5 жыл қолында тұрып, тәрбиесін алдым. Қызметі мен отбасына бірдей көңіл бөлетін адалдығы, ағалық ақылдары әлі де көз алдымда тұрады»,-дейді қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің қарындасы Айғаным Серім.

Ал, Тайқазанның елге оралуына көп еңбек сіңірген Түркістан қаласының Құрметті азаматы Нұрмахан Назаров өзге елде тұрған Түркістанның жәдігерін елге қалайда қайтару жолында барын салған Өзбекәлі Жәнібековтің өз ұстанымы мен болашағына деген көзқарасының беріктігіне тоқталды.

ХҚТУ «Тарих» кафедрасының доценті Тұрсын Хазретәлі де Қазақстандағы музейлердің басым бөлігінде Өзбекәлі Жәнібековтің алтын іздері жатқандығын айтты. Рухани жаңғыруда сол кезеңнен бастаған ұлт қайраткері ұлттық киім, дәстүрмен қатар өнер және мұралар жолын сақтауда айрықша еңбек еткендігін тарихи деректерге сүйене отырып жеткізді.

Белгілі қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің туған күніне орай ұйымдастырылған еске алу жиынынан соң «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы бастаған шараға қатысушылар Отырар ауданындағы кесенесіне барып құран бағыштады.

© DIDARBEK.kz

Пікір жазу