Биыл мемлекеттік жеңілдетілген субсидия мақтаның тоннасына беріледі. Сондықтан егістік алқаптарын электронды картаға енгізу жұмыстарын 100 пайызға аяқтау қажет. Сондай-ақ, алдағы мақта терім жұмыстарына жұмылдырылатын техникалардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі тиіс. Осы және өзге де өзекті мәселелер Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаевтың Ынтымақ ауыл округі халқымен кездесуінде әңгімеге арқау болды.
Кездесу барысында округ әкімі Марат Жұрқабаев атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. 1957 жылы іргетасы қаланған округтегі жалпы жер көлемі 7820 гектарды құрайды. Оның 6493-і егістік жер саналады. Биыл ынтымақтықтар 4803 гектарға мақта, 617 гектарға бақша, 205 гектарға көкөніс, 560 гектарға жоңышқа, 29 гектарға күріш еккен. Округте 952 шаруа қожалығы жұмыс істейді.
Округте 8 елдімекенде жалпы ұзындығы 65,5 шақырымды құрайтын 104 көше бар. 2017 жылы 2 көшеге тас төселсе, Үшкөпір, Ақниет, Өркенді ауылдарының көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілген.
Округтегі 8 елдімекенде 9 ауыз су ұңғымасы бар. Құбырлардың жалпы ұзындығы 44,1 шақырымды құрайды. Тұрғындарға 7 елдімекенде «Мақтарал сервис», Өркенді ауылын «Асықата ауыз су» ЖШС-і ауыз сумен қамтамасыз етеді. Мұндағы ауыз су жүйелері жыл санап жаңарып келеді. Биыл Үшкөпір, Талапты ауылдарындағы ұзындығы 13 шақырымдық су құбырлары ауыстырылса, Көрікті елдімекенінде жаңа ауыз су мұнарасы орнатылған.
Ынтымақ ауыл округіндегі 8 елдімекен газдандырылған. 2017 жылы Ағынсай ауылын газдандыруға 57 млн 568 мың теңге қаржы бөлініп, екі көшеге табиғи газ құбырлары тартылыпты. Қазіргі таңда 51 тұрғын үйді көгілдір отынған қосу жұмыстары жүргізілуде.
Кездесу барысында егістік алқаптарды электронды картаға енгізу жайы да сөз болды. Бұл жұмыстар әзірге 56 пайызға орындалып отыр. 134 жер иесі әлі күнге электронды кіліт алмаған. 44 азаматтың құжаттары қайта рәсімдеуді қажет етеді. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін аудан әкімі округ басшысына жұмысты жүйелендіріп, тез арада аяқтауды тапсырды.
Жиын барысында округ тұрғындары ауыз су, ағын су, жол, жарық сынды инфрақұрылымдық қажеттіліктер туралы өз ұсыныстарын ортаға салды.