Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ҚОРЫҚ-МУЗЕЙДІҢ КӨРМЕСІН ТАМАШАЛАДЫ

ҚОРЫҚ-МУЗЕЙДІҢ КӨРМЕСІН ТАМАШАЛАДЫ

Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласының 20 жылдығына орай «Заманауи әлемдегі оқу мәдениеті» тақырыбындағы ІІІ Халықаралық Оқу Конгресіне қатысушы 50 елдің делегаттары Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі экспонаттарын және «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің көрмесін тамашалады.
Елордамыз Астана қаласының 20 жылдығы және «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің 40 жылдық мерейтойына орай Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде ұйымдастырылған қорық-музейдің көшпелі көрмесі 3 бөлімінен топтастырылған.
Көрменің бірінші бөлімі Түркістан өңірінде орналасқан тарихи қалалар жайында. Қазақстанның ортағасырлық тарихында, оның ішінде Қазақ хандығының мемлекеті болып қалыптасуы және дамуы барысында ерекше орын алатын тарихи-географиялық аймақтар бар. Сол аймақтың біріне — Сырдың орта ағысы бойында орналасқан және ХІІІ-ХVІ ғасырлардағы шығыс жазба деректерінің мәліметтері бойынша белгілі болған Түркістан өңірі жатады. Түркістан — түркі дүниесінің ежелден келе жатқан рухани, мәдени орталығы. Аталмыш бөлімде Шауғар-Шөйтөбе, Қаратөбе-Сауран, Ясы-Күлтөбе, Ескі Түркістан және Хан ордасына жүргізілген археологиялық қазбадан табылған қола дәуір ескерткіштері, ортағасырда кең етек жайған керамикадан құйылған құман-құмыра, ыдыстар, нумизматикалық материалдар қамтылады.
Көрменің екінші бөлімі әулиелердің Сұлтаны атанған Қожа Ахмет Ясауи мұрасына арналды. Түркі халықтарының құрметпен тағзым етер алтын бесігі, қасиет пен кие дарыған мекені. Орта Азияға алғаш ислам дінін аша келген Ысқақ бап, Әбдіжәлил бап, Әбдірейім баптардың Түркістан төңірегінде тоғысқаны да тегін болмаса керек. Мұның барлығы Маулана Сафи ад-дин Орын Қойлақының «Насаб-нама» қолжазбасында егжей-тегжейлі баяндалған. Аталған бөлімде Қожа Ахмет Ясауидің артында қалған баға жетпес мұралары «Диуани хикмет», «Рисоллә дәр адаби тариқат», «Бустан ул-михиббин», «Насабнама» шежіресі, Әмір Темірдің пәрменімен салынып, басынан талай сын сағаттарды өткерген, күмбезі көкпен таласқан, исі түркі жұртының бойтұмарына айналған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, ондағы ХІV ғасырдан жеткен түпнұсқа кірпіштері, аспалы, айдаһар басты шырағдандары, Тайқазан, Лауһа, Қақпа есігінің көшірмелері экспозициядан орын алған.
Көрменің үшінші бөлімі Түркістанда жерленген тарихи тұлғалар жайында сыр шертеді. Түркістан қаласы ХVІ ғасырдан бастап Есім ханның тұсында Қазақ хандығының астанасы болып жарияланды. Онда қазақтың Жәңгір, Тәуке, Болат, Әбілмәмбет, Абылай секілді атақты хандары билік құрды. Киелі шаһарда Қазақтың атақты Жәңгір, Тәуке, Болат, Тұрсын, Сәмеке, Қайып, Сейіт, Сығай, Барақ, Әбілмәмбет, Абылай, Әбілфейіз, Тоғай, Бөкей, Әликен сынды хандары билік құрды. Осы кезеңде алаштың игі жақсылары ұрпақтарына Түркістанға өздерін жерлеуді аманат етті. Сол кезеңнен бастап Түркістан исі қазақтың ұлттық пантеонына айналды. Аталмыш бөлімде Түркістанда жерленген Есім, Тәуке, Әбілмәмбет, Абылай, Әбілфейіз, Барақ, Бөкей хандардың күміс жүзік бетіне түскен мөрлері, хандарға қатысты Ресей, Қытай мұрағаттарынан табылған құжаттар мен хаттардың көшірмелері (муляждары), сондай-ақ, Хан Ордасынан археологиялық қазба кезінде табылған қыш табақтар, құмыралар, қылыш, қанжар жәдігерлері экспозицияда көрініс тапқан.
Тарихи көрмені Астанада ұйымдастырудағы мақсат — Түркістанның тарихи орнын, оның мәдени-рухани келбетін ашып көрсету, тарихи жәдігерлерді насихаттау, мәдени байланысты кеңейту, музейлер арасындағы ынтымақтастықты нығайту және туризм саласын дамыту болып табылады.
Көрме үстіміздегі жылдың 1 қазанына дейін Астана қаласы тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылады.

© DIDARBEK.kz

Пікір жазу