Қуыршақ театрының 36-шы маусымы С.Олжабайдың «Адалдық туралы аңыз» қойылымының тұсаукесерімен ашылды. Бұл туралы облыстық қуыршақ театрына сілтеме жасаған didarbek0kz ақпараттық агентігі хабарлайды. Жаңа қойылымның премьерасына жазушы, драматург, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» Халықаралық сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт, әнші, композитор, Республикалық және Халықаралық байқаулардың лауреаты Құралай Сәтмұқамбетова, «Ұстаз нұры» газетінің рекдакторы, Облыстық ата-аналар комитетінің төрағасы Бейсе Әнуарбек келіп, 35 жыл толып отырған театрымыздың одан әрі гүлденуі мен шығармашылығына тың табыстар тіледі. Премьераға автор Сабырбек Олжабайдың өзі арнайы қатысып, театр репертуарының тағы да бір балаларға арналған туындымен толыққанына алғысын айтып, өз атынан сыйлығын тапсырды.
Осы күні театрымызда көп жылдар бойы қызмет етіп келген кадр жөніндегі инспектор Жұмагүл Серверқызы, бутафор Кенжегүл Тұрлыбекқызы және Аққал Сәрсенбекқызы сынды театр қызметкерлерін зейнетке шығарып салу рәсімі де болып өтті. Маусымашарды ашқан театр директоры Бахтияр Әбілұлы өз сөзінде, зейнетке шығып жатқандарға дәстүрге сай иықтарына камзол мен орамал жауып, құттықтау қағаздары мен гүл шоқтарын ұсынып, ұжым атынан ізгі тілектерін білдірді.
Сонымен қатар, Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподақ төрағасы Бастарбек Пірімбетұлы ұзақ уақыттан бері театрда еңбек етіп, зейнетке шыққан қызметкерлерді құттықтай отырып, арнайы Алғыс хаты мен сый-сыяпаттарын табыс етті.
Салтанатты бөлімнен соң, жас бүлдіршіндер жаңа қойылымды қызыға тамашалап, керемет әсерге бөленді.