Түркістан облысы, Төлеби ауданында күн санап медицина қызметі қолжетімдірек болып келеді, деп хабарлайды Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Ауданымыздың жер-жерінде медициналық көмек қолжетімді болып келеді. Биыл Төлеби ауданында 7 елді мекенге орнату жоспарланған модульді медициналық пункттердің құрылысы аяқталуда.
Оңтүстік және Жоғарғы Қасқасу ауылдарында орнатылған медициналық нысандар толығымен пайдалануға дайын. Жақын күндері Әңгірата, Ақайдар, Алшалы, Төңкеріс, Қорған ауылдарындағы МП-дің монтаждау-жөндеу жұмыстары аяқталып, медициналық жабдықтар әкелінеді.
Ғимараттарда тамбур, күту-қабылдау, процедуралық емшара, персонал, стерилдеу, дәрілік заттарды сақтау, санитарлық бөлмелері мен қойма, санузел болады.
Біздің ауданымызда сэндвич-панельдерден жасалған модульді МП өткен жылы алғаш рет Бірінші Мамыр ауылдық округінің Ынтымақ ауылында тұрғызылып, бүгінде толық режимде жұмыс жасауда.
Жаңа МП-тер электр қуатымен жылытылады. Қыстыгүні, жүйе ішіндегі температура 25 градус, ал ғимарат ішінде – 24 градус жылы болады.
Ауданда модульдік МП-терді салу ағымдағы жылдың басынан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастамасы бойынша жүзеге асырылуда. Бұл өз кезегінде ауылдық жерлердегі медициналық көмектің сапасы мен қол жетімділігі турасындағы мәселелерді шешеді.
Осылайша, ауыл-аймақта Елбасы көтеріп жүрген денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың басты ережелерінің бірі жүзеге асырылуда.
МП құрылысы процесіне «Кяклы» ЖШС-і сияқты жергілікті кәсіпорындар қатысуда.
Ал келесі жылы Төлебиде тағы 1 МП, 7 ФАП салу жоспарланып отыр.