Шымкент қаласындағы «Отырар кітапханасында» (директоры Күлия Айдарбекова) Оңтүстік Қазақстан облысының 85 жылдығына орай ұйымдастырылған «Аудандар көші – кітапханада» атты жоба аясында ұлы тұлғалар мекені, тұнып тұрған тарихтың алтын кені атанған көне Отырар ауданы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Отырар ауданының мәдени күні» атты әдеби-тақырыптық кеші өтті. Бұдан бұрын Арыс қаласы, Бәйдібек, Қазығұрт, Ордабасы аудандары бастап кеткен игі шараны отырарлық ағайындар жалғастыра түсті.
Жазушы Еркінбек Тұрысов, Халық ақыны Әселхан Қалыбекова, айтыс ақындары Анар Жаппарқұлова, Дәурен Ақсақалов, ауданның зиялы қауым өкілдері мен жас таланттар қатысқан мерекелік кештің көркін «Отырардағы той», «Отырар кітапханасы» әндерін орындаған Хадиша Шалабаева және арнауын дайындаған, жуырда ғана шаңырақ көтерген жас ақын Дәурен Ақсақалов келтірді. Отырарлықтарды бастап барған аудан әкімі Ерлан Айтаханов кітапсүйер қауымды мерекемен құттықтап, облыстық «Отырар кітапханасына» суретші Әділхан Мәліктің «Отырар шаһары» туындысы мен аудан тарихынан сыр шертетін бірқатар кітапты тарту етті.
Мерекелік шара кітапхананың мәжіліс залында жалғасты. Кеште «Шәміл мен Дүрдің кездесуі» сахналық қойылымы көрермендер көңілінен шығып, әндер шырқалып, жастар биіне ұласты. Отырар аудандық ОКЖ ұйымдастырған «Батырлар жырын оқығанда…» байқауының жеңімпазы, кішкентай бүлдіршін Олжас Төлеп «Ер Тарғын» жырын бар ықыласымен оқып, көпшілікті сүйсінтті.
«Аудандар көші – кітапханада» жобасы барысында аудан өнерпаздары мен зиялы қауым өкілдерін тұңғыш рет аудан әкімі бастап келді. Бұған дейін мұншалықты жауапкершілікті бір де бір аудан танытпаған болатын. Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтахановтың қос қанаты ретінде аудандық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдос Құлмаханұлы мен аудандық Мәдениет бөлімінің басшысы Елтай Үмбет те отырарлық делегацияның басы-қасында болып, демеу беріп жүрді.
Әсет Әссанди