Басты бет » Көкейтесті » КӨРШІМЕН ҰРЫСУ БЕРЕКЕНІ БҰЗАДЫ

КӨРШІМЕН ҰРЫСУ БЕРЕКЕНІ БҰЗАДЫ

Ынтымақ ырысқа бастайды - Ar-Ay.kz

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы бүкіл әлемде ұлтаралық, дінаралық қақтығыстарға бейтарап мемлекет ретінде араша түсіп, түрлі дау-дамайларында бітімгершілікке шақырып, тараптарды татуластыру үшін бейбіт есігін айқара ашып қойғаны әлемге аян. Елбасымыздың сабдарлы да, салиқалы саясатының арқасында әлемдік түрлі діндер көшбасшыларының алғаш рет басы қосылған Елордамыз Сирия мәселесі секілді бірнеше халықаралық келіссөздердің бітімгершілік платформасына айналғалы қашан. Бұл бір жағынан мемлекетіміз ұстанған бейбітшілік туының арқасы болса, бір жағынан қазақ ұлтының бойындағы асыл қасиеті қонақжайлығының белгісі деп білуге болады. Дегенмен, Еліміздің осындай оң имиджінің күннен-күнге артып келе жатқаны кейбір алыстағы ала ниеттілерге ұнай бермейтіні тағы бар.

Күні кеше оңтүстік өңірімізде Шорнақ елді мекенінде орын алған жай ғана тұрғындардың арасындағы тұрмыстық жанжалды «қазақтар мен өзбектердің ұлтаралық қақтығысына» ұластыруға тырысқандарды көрдік. Түймедейді түйедей қылып көрсетіп, оқиғаны ушықтырып ғаламтордағы әлеуметтік желілерде қазақтарды өзбектерге қарсы атойлап айдап салып жүрген кейбір санасы төмен, ойы қараң азаматтардың қазақша сөйлеп тұрғанын көргенде ұяласың шынын айтқанда. Өйткені намысы бар нағыз нар қасқа қазақтың жігіттері мәселені бір адамға он адам жабылып шешпейді, ол біріншіден. Екіншіден, бұл болған оқиға жайында көршілес Өзбекстан елі естіп жатса не бетімізді айтамыз?! «Көршімен татудың көңілі тыныш, қоңсың қолайлы болса қораң кең» деп үйреткен ата-бабаларымыз қашанда өзбек ұлтын «ала шапанды ағайындар», қырғыз ұлтын «айыр қалпақты ағайындар» деп құрмет көрсетіп өткенін ескеретін болсақ, Қазақстандағы үстем ұлт ретінде аз ұлтқа зорлық-зомбылық көрсеткеніміз қазақ атымызға жараспайтын іс-әрекет екенін білуіміз керек. Құқықтық мемлекет ретінде заңның өкілетті өкілдері бар, барлық мәселені заң негізінде шешуге болады.

Мысалы ретінде алыстан алмай-ақ бір-бірімен көрші тұрған мына Әзірбайжан мен Армения мемлекеттерінің арасындағы алауыздық қазіргі кезде екеуіне де саяси-экономикалық тұрғыдан оңайға соғып тұрған жоқ. Зардабын тек екі мемлекеттің халқы тартып отыр. Басқаларға бәрібір, есесіне бұл кикілжіңді өз мүддесіне пайдаланғысы келіп екі ел арасындағы ашық соғысты көздеп отырған мемлекеттер қаншама.
Сондықтан ескі көшедегі ежелден келе жатқан көршілерімізбен араздасып ауыздағы берекемізді кетіргенше, тарихымыз тереңде жатқан «туыстарымызбен» бірлігімізді жарастырып тату өмір сүрген жөн шығар.

© Didarbek.kz

Пікір жазу

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*