Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Болашақ » ТҮРКІСТАНДА ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ ТАРИХИ-АҒАРТУШЫЛЫҚ «БІР ЕЛ» ЖАСТАР ЖОБАСЫ ӨТІП ЖАТЫР

ТҮРКІСТАНДА ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ ТАРИХИ-АҒАРТУШЫЛЫҚ «БІР ЕЛ» ЖАСТАР ЖОБАСЫ ӨТІП ЖАТЫР

Бүгін Түркістан қаласында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихи-ағартушылық «Бір ел» жастар жобасы аясында ауқымды іс-шара өтті. Жиынға «Қоғамдық келісім» РММ директорының орынбасары Нұрлан Шубаев модераторлық етті.
Алқалы басқосуға ҚР Парламентінің депутаттары, сондай-ақ ҚР Мәдениет және ақпарат министрілігінің, этномәдени бірлестіктердің, «Ассамблея жастары» РҚБ республикалық жастар ұйымдарының өкілдері, мәдениет қайраткерлері, блогерлер, еріктілер, шалғайдағы ауылдық елді мекендерде тұратын әр түрлі санаттағы жастар қатысты.
Іс-шараның ашылу салтанатында сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы жобаның жастарды ұлттық құндылықтармен тәрбиелеуге зор септігін тигізетінін атап өтті.
– Шамшырағы қайта жанған қастерлі Түркістан шаһарына қош келдіңіздер! Қазақстан халқы Ассамблеясының елімізде тұратын этностарды біртұтас ұлтқа топтастыру мен мәдениетаралық диалогты дамытуды мұрат еткен «Бір ел» жастар жобасы екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Аталған жоба өткен жылы ұлт ұясы Ұлытау төрінен бастау алса, биыл бұл жоба тарихымыздың талай сындарлы сәттерінде халқымызды бірлік пен берекеге ұйыстырған киелі Түркістан облысында жалғасып жатыр. Елге, Отанға деген сүйіспеншілік төл тарихымызды тереңнен танудан басталады. Бұл орайда, күні кеше жобаға қатысушы жастар үшін өңіріміздегі Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Гауһар ана кесенелері және т.б. тарихи жерлерге көшпелі экспедиция ұйымдастырылды. Жалпы, бұл жобаның жастарға берері мол. Іс-шара аясында өтетін пленарлық отырыстар, пікірталастар, интеллектуалды ойындар еліміздің әр өңірінен келген жастардың білім көкжиегін кеңейтіп, патриоттық рухтарын нығайтуға зор үлес қосады, — деді облыс әкімінің орынбасары.
Аталған шараға еліміздің барлық өңірінен 100-ге жуық жас қатысты. Жоба аясында арнайы шақырылған танымал тұлғалар мен сарапшылар жиналған жастарға еліміздің рухани және ұлттық құндылықтарын, бай тарихи және мәдени мұрасын, этносаралық татулықты сақтаудың маңыздылығын түсіндіретін арнайы дәріс өткізді.
Келелі жиында Мәжіліс депутаты, ҚХА мүшесі Наталья Дементьева «Отаны бірдің – тілі бір! Тілі бірдің – тілегі бір!» тақырыбында, Сенат депутаты, ҚХА мүшесі Геннадий Шиповских «Тарихты білу – ұрпағымыздың міндеті» тақырыбында, Сенат депутаты, ҚХА мүшесі Алишер Сатвалдиев «Елге қызмет ету – әр азаматтың парызы» тақырыбында, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Джумурбаев «Жастар – еліміздің үкілеген үміті» тақырыбында мазмұнды ойларымен, пайдалы тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ, жиында өз ойын білдірген белгілі блогер, «Алға Петербург» жобасының авторы Иван Червинский қазақ тілін меңгеруге деген талпынысты әрдайым қолдап, барша жерде ынталандыру керектігін жеткізді.
Еске сала кетсек, «Бір ел» жастар жобасы ертең де жалғасады. Жоба аясында жастардың қатысуымен Түркістан облысының тарихи орындарына көшпелі экспедициялар ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, іс-шара барысында Қазақстан халқының бірлігін бейнелейтін «Шаңырақ» киіз үйі тігіледі.

Пікір жазу