Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Болашақ » Жаңа технологиялар дәуірі жақындап келеді

Жаңа технологиялар дәуірі жақындап келеді

Сарапшылардың болжамы бойынша, 10 жылдан кейін әлемдегі өнімдер мен қызметтердің 70 пайызы жасанды интеллектіні  қолданатын цифрлық платформалық модельдерге негізделеді. Мұның өзі жаңа салалар мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін жасайды. Жоғары білім беру жүйесі – цифрлық дәуірге, жасанды интеллектіні қолдануға сенімді түрде көшуді қамтамасыз ететін басты көпір. Ал жасанды интеллект адамдар мен заманауи құрылғылар арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге тың серпін береді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында жасанды интеллектіні дамыту ісіне баса назар аудару керек екенін айтқан болатын. «Үкімет жасанды интеллектіні дамыту ісіне баса назар аударуға тиіс. Әлемде алдағы бірнеше жылда осы салаға бір триллион доллардан астам инвестиция салынады деген болжам бар. Жасанды интеллект оны дамыта білген елдердің ішкі жалпы өніміне айтарлықтай үлес қосуы мүмкін. Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халық-аралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет. Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек» деді Мемлекет басшысы.
Қазір әлемде жасанды интеллект қарқынды дамуда. Бұл салада жаһандық бәсеке өте жоғары. Елімізде бұл үрдістен қалыс қалмай, жаңа технологияны меңгеріп, жасанды интеллект бойынша білімін жетілдіру – уақыт талабы. Әсіресе мектептердегі цифрлық сауаттылықтың сапасын артыру қажет. Жуырда Астанада 20 мыңнан астам адам жиналған үлкен форум өтті. Оның ішінде 300-ден астам IT компанияның өкілдері және 30 елден келген делегация бар. Кең форматтағы жасанды интеллект тақырыбында өткен форумға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, баяндама жасады.
«Кейінгі бес жылда бұл форум IT индустриясының соңғы үрдістері мен даму перспективаларын талқылауға арналған Орталық Азиядағы ең ірі алаңға айналды. Биыл Digital Bridge форумына қызығушылар әдеттегіден де көп. Бұл Қазақстанның Еуразия кеңістігінде жетекші әрі маңызды цифрлық және қаржылық технология хабы екенін тағы да нақтылай түседі.
Сондықтан қызметкерлерді жаңа дағдыларға мектептен бастап баулу қажет. Осыған орай, ең алдымен цифрлық сауаттылық пен информатиканы оқыту сапасын арттырған жөн. Ол үшін білікті ұстаз тапшылығын шешу қажет. «Astana Hub» халықаралық технопаркінде білім беру платформасы табысты жұмыс істеп жатыр. Сол арқылы жоғары оқу орнының студенттері бағдарлама жасауды үйренеді. Үкімет барлық мәселені пысықтап, мектеп оқушылары үшін осындай онлайн платформаны пилоттық режимде іске қосады деп ойлаймын» деді ол.
Жастарды білімге, ғылымға және инновацияға тартуды көздейтін бұл форумның берері көп. Жасанды интеллект бүгінде қоғамда кеңінен қолдау тауып отыр. Z буынының өкілдерін даярлауға қабілетті жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігі дәл осындай жобалардан басталады.
Халықаралық озық тәжірбиеде жасанды интеллектіні қолдану аясын және дамытудың міндеттері мен құралдарын айқындайтын стратегиялық құжат қабылданған. Мұндай құжат біздің мемлекетте де қолданысқа енсе, жаңа  технологияның дамуы қарқын алып, тұрмыс-тіршілікте халықтың өмір сүру дағдыларын жеңілдетуге мүмкіндік берері анық. Әсіресе еліміздің байлығы саналатын мұнай-газ, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика салаларына жасанды интеллект технологиясын енгізу өзекті болып тұр. Қазіргі кезде жаңа технологияларды жан-жақты қолдану арқылы қала және моноқалалардағы және ауыл халқының өмір сүруін оңтайландыру көзделген. Ақылды қала (smart city), ақылды үй және пультпен басқарылатын аулалар да бүгінде халықтың көңілінен шығып, ел тұрмысына елеулі әсер етіп отыр. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету салаларында да жаңа технологияның мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану тұрғындарды қағазбастылықтан арылтуда.
«Бұл орайда біз елеулі нәтижеге қол жеткіздік. Атап айтқанда, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін анықтауға және оларға проактивті мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін «Отбасының цифрлық картасы» іске қосылды. Мұндай өнімді «Бәйтерек» холдингі базасында бизнес үшін де енгізу керек. Менің тапсырмам бойынша бұл бағытта ауқымды цифрлық трансформациялау жұмыстары басталып кетті» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Озық технологияны дамытуға еліміздегі ІТ мамандардың, сарапшылардың, ғалымдардың басын қосып, білімі мен біліктілігін, күш-жігерін тиімді пайдалану керек. Қазірдің өзінде жасанды интеллект технологиясын тереңдетіп оқу мақсатында дарынды жастардың бірқатары шетелдерде білімін жетілдіріп жүр. Демек болашақта бұл салада жұмыс істейтін мамандар көптеп шығары анық. Жалпы, 2026 жылға қарай жаһандық жасанды интеллект нарығының айналымы 900 млрд. долларға жетпек. International Data Corporation зерттеу ұйымының болжамынша, 2022-2026 жылдар аралығында жасанды интеллект саласындағы кіріс жыл сайын 18,6 пайызға өседі деп күтілуде. Сондықтан да Президент Қазақстанның басты мұраты – келешектің цифрлық экономикасына көшу керектігін баса айтты. Күн сайын жасанды интеллектінің нешетүрлі қосымша нұсқалары шығуда. Мәселен, жуырда бизнес секторға бағытталған қазақ тілді жасанды зерде іске қосылды. IT халықаралық компаниясы Prompt Wagon қосымшасының қазақ тіліндегі бета-нұсқасы Microsoft Global AI Hackathon аясында еліміздегі ірі компанияның тапсырысымен арнайы дайындалды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин жыл  соңына дейін жасанды интеллектіні дамыту стратегиясы жарияланатынын мәлімдеді. Демек елімізде жасанды интеллектіге деген сұраныс та қызығушылық та бар. Әлемдік тәжірибеге сай келетін қоғам құрғымыз келсе, нарыққа бейімделіп, халықтың қажеттілігі мен азаматтардың мүддесін ескеретін, құқықтық тұрғыдан қорғай алатын озық ойлы мемлекет болуымыз керек. Оған қол жеткізу үшін жасанды интеллект технологиясын терең игеріп, білім шекарасын кеңейту міндеті. Жасанды интеллект – еркін өмір сүрудің кепілі.
А.Пайысхан

Пікір жазу