Басты бет » Көкейтесті » KADEX-ТІ ЕШКІМ «ҚАДАП» КЕТПЕСІН ДЕСЕК…

KADEX-ТІ ЕШКІМ «ҚАДАП» КЕТПЕСІН ДЕСЕК…

Елордамыз Астана қаласында үстіміздегі жылы мамыр айының 23-26 жұлдыздары аралығында ҚР Қарулы Күштерінің қажеттіліктеріне сәйкес отандық кәсіпорындардың мүмкіндіктерін кеңейту және даму перспективалары, олардың өнімін шетелдік нарыққа ұсынуға жәрдемдесу мақсатында «KADEX – 2018» қару-жарақ және әскери-техникалық V Халықаралық көрмесі өтеді. Авиациялық техникаларды, ғарыш технологияларын, ІТ технологияларды, байланыс жүйелері мен құралдарын, робототехника мен баламалы қуат көздерін көрсетуге бағытталған көрмеде жетекші әлемдік өндірушілердің қару-жарағы және әскери техника өнімдерімен қатар бұрын-соңды қолданылмаған, қазақстандық ноу-хау болып табылатын қорғаныс саласындағы бірқатар жаңалықтар мен қорғаныс-өнеркәсіп кешені мен ғарыштық сала кәсіпорындарының соңғы жетістіктері ұсынылатын болады.

Алғаш рет Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қамқорлығында өтетін осынау ауқымды іс-шарада ақпараттық қауіпсіздік те басты назарда болатыны түсінікті жайт. Өйткені, әлемдік деңгейде кеңінен қанат жайып келе жатқан өнеркәсіптік тыңшылық әрекеттері дәл осындай ірі шараларда белсенділік таныта бастайтыны жасырын емес. Шетелдік кәсіпорындардың қызмет құпиясы болып табылатын материалдарды ұрлау, жинау, бәсекелестер мен клиенттер туралы ақпарат алу үшін жартылай жария, заңға мүлде қарсы тыңшылық мемлекетаралық қарым-қатынаста жиі кездесетіні бүгінде таң қаларлық жайт болмай қалды. Әсіресе, қазіргі Ресей Федерациясы мен бүкіл Батыс елдерінің арасындағы шектеулер жағдайында бұны ескермесе болмайтыны тағы белгілі.

Ал, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін көрме ұйымдастырушылары тарапынан не жасалды?

Біріншіден, көрме Астанадағы Халықаралық әуежайдың әскери секторы аумағында өтетінін ескерсек, онда кез-келген адамның өте алмайтыны түсінікті болып тұр. Оның үстіне, көрмеге қатысатын бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де арнайы аккредитация арқылы ғана өте алады. Үшіншіден, әскери және ғарыштық технологияларды көруге мүмкіндік алған мамандарға оның техникалық құжаттамасы мен құрастыру құпиялары ұсыныла бермейді және жасырын жағдайда қала береді.

Яғни, бұл әрекеттер көрмеде көрсетілетін қару-жарақ пен әскери техника туралы шектеулі ғана ақпарат БАҚ беттеріне шығатынына кепілдік беруі тиіс. Сонда ғана біз көрменің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз деп ойлаймын.

Әрине, бұл жерде айтылғаннан да күрделі қауіпсіздік шаралары іске асатыны бар, бірақ ол арнайы қызмет мамандарының құзырындағы тірлік.

Әсет Әссанди

Пікір жазу

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*