Қызылқұм ауылының тұрғындарымен кездескен аудан әкімі Қайрат Жолдыбай енді әр тоқсан сайын халықтың арасына тікелей барып, мұң-мұқтажын тыңдайтынын жеткізді.
Бұл туралы Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Мұнда да тұрғындар бірінші кезекте егістік алқаптың ағын суы, күнделікті тұтынар ауыз су мен үйіргелік учаскеге ағын су жеткізілсе деген өтініштерін айтты. Ауылға газет-журналдар мен хат-хабар тарататын пошта қызметкері керектігін айтқан тұрғындар сонымен қатар аудан орталығына қатынайтын қоғамдық көлікте мүгедек азаматтарға жеңілдік жасалса, көше жолдары мен егістік алқапқа апаратын жолдарға жөндеу жүргізілсе деген ұсыныстар білдірді. Аудан басшысы тұрғындардың талап-тілектеріне тиісті жауаптар қайтарып, мәселелердің оң шешімін табуына ықпал жасайтынын жеткізді.
Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай мен аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев, аудан әкімі аппаратының басшысы Ғалымжан Амантай, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Еркебұлан Қаратүнов, және басқа да бөлім қызметкерлері «Қызылқұм» жалпы орта мектебінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмысының барысымен танысты. 1 қыркүйекке дейін құрылыс жұмыстары талапқа сай атқарылып шығуы тиіс екендігін қадап айтқан Қайрат Жолдыбайұлы мердігер компания мен осы салаға жауапты қызметкерлерге жұмысты жандандыру жөнінде тапсырма берді. Аудан басшысы ұзақ жылдан бері жарамсыз халде тұрған ауылдық Мәдениет үйі мен спорт залын аралап көріп, нысанды күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалау сметалық құжаттарды жеделдетіп дайындауды тапсырды.
Сүткент ауылына ат басын бұрған аудан әкімі ауыз су торабының және қосымша жайды қажет ететін балабақшаның бүгінгі жағдайымен танысты. Ауылдық Мәдениет үйінде кездесу өткізген Қайрат Жолдыбайұлы тұрғындардан негізгі проблемаларды ашық айтуларын сұрады. Ауыл ақсақалдары сүткенттіктердің күнкөрісі – мал мен жер екенін атап өтіп, ұзындығы 20 шақырымға жуықтайтын батыс коллектордың проблемасын шешуді өтінді. Сонымен бріге, ауыл тұрғындары ауыл малдарына санитарлық қадағалауды күшейту, ауыл ішіндегі саябақты көркейту, су құбырын жаңалау,егістік алқапқа баратын арық-атыздарды жөндеу сияқты мәселелерді көтеріп, аудан әкімінен оң шешіп беруін сұрады.
Алатау батыр ауылында да өзіне тән проблемлар жетерлік. Соның бірі – ауылдағы балабақшаға күрделі жөндеу жүргізу. 2006 жылы қайта іске қосылған балабақшаны аралап көрген Қайрат Жолдыбайұлы тиісті мамандарға жобалық сметалық құжаттарын дайындауды тапсырды.
Ауыл тұрғындары аудан әкімімен болған кездесуде ауыз су торабындағы судың жарамсыздығы, халық санының артуына байланысты тұрғын үйге жер бөлу, ағын су, ауылдағы базардың айналасын реттеу секілді мәселелерді орынды көтере білді.
Аудан әкімі Қайрат Жолдыбай тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің барлығына да рет-ретімен жауап қайтарып, қордаланған проблемаларды шешу үшін арнайы комиссия құрылып, жоспарға сәйкес жұмыс жүргізетінін айтып өтті.