Шымкенттегі медициналық ұйымдарда маусым айынан бастап 14 382 қызметкердің жалақысы 30 пайызға көбейді.
Атап айтқанда медбикенің жалақысы 94 095 теңгеден 122 323 теңгеге дейін өсіп отыр. Ал ең жоғары санаты бар дәрігерлер 159 271 теңге жалақы алады. Бұл туралы Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан
Байдувалиев мәлімдеді.
Басқарма басшысының айтуынша, денсаулық сақтау саласына барлық деңгейдегі бюджет есебінен 2018 жылы – 36,4 млрд теңге, 2019 жылы 46,3 млрд теңге бағытталған. Ал еліміздегі кепілдендірілген тегін көмек және медициналық сақтандыру пакеттерінің жаңа нұсқасын «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Найля Киікбаева таныстырды.
– Бүгінде әр азамат медициналық ем-шара құнының шамамен 40%-ын төлеуде. Ал негізі бұл көрсеткіш 20% болуы керек. Осы олқылықтың орнын медициналық сақтандыру пакеттері толтырады. Ол пакеттерге шұғыл медициналық көмек, алғашқы санитариялық көмек, созылмалы инфекциялық емес аурулар, консультативтік-диагностикалық көмек кіреді, — деді Найля Дабысқызы.
Сондай-ақ, Қайтпас-1 шағынауданындағы жаңа емхана құрылысы биылғы қараша айына дейін аяқталып, пайдалануға берілмек.
Ал мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында «Мейдей Қазақстан» түрік компаниясы тарапынан Шымкент жедел медициналық жәрдем станциясын жаңғырту жобасы аясында 100 жедел медициналық жәрдем көлігі алынбақ.