Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ЕРІКТІЛЕР ЕЛМЕН БІРГЕ

ЕРІКТІЛЕР ЕЛМЕН БІРГЕ

2020 жылғы 1 мамыр күні Өзбекстан Республикасы «Сардоба» су қоймасында орын алған апатты жағдайға байланысты Мақтаарал ауданының бірқатар елді мекендері судың астында қалды. Орын алған төтенше жағдайға байланысты зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Мақтааралмен іргелес жатқан Жетісай ауданында да бірқатар эвакуациялық орындар дайындалған болатын.


Бүгін Мақтаарал ауданына қарасты «Өргебас» ауылынан эвакуацияланған адамдардың алғашқы легі Жетісай қаласындағы N8 жалпы орта мектебіне орналастырылды. Мұнда зардап шегушілерге медициналық тексерулер жүргізіліп, тіркеуге алынды.
Қалыптасқан жағдайға байланысты ұйымдастыру шараларының басы-қасында жүрген аудан басшыларымен қатар көршісінің басына түскен нәубетке бей-жай қарай алмаған жетісайлық ерікті азаматтар таза төсек орын, азық-түлік, медициналық және күнделікті тұтыну заттарын, дәрі-дәрмектерді жеткізіп беруде. Елмен бірге екендіктерін қиын-қыстау кезеңде көрсетіп, қолдау білдірген еріктілердің қатарында ауданның табысты кәсіпкерлері мен сан саланың үздік жастары да бар.


Аталмыш мектептен бөлек Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Ынтымақ ауылындағы «Т.Рысқұлов» атындағы жалпы орта мектебінде қосымша 200 адамға орын дайындап отырған Жетісай аудандық білім бөлімі мектеп жасындағы балалардың қашықтықтан онлайн дәрістерін де назардан тыс қалдырмаған. Кең жолақты ғаламтормен қамтылған сынып бөлмелерін теледидарлармен қамтамасыз етіп, оқушылардың кедергісіз сабақ оқуларына барлық жағдайлар жасалған.

©Жетісай аудандық жастар ресурстық орталығы

Пікір жазу