Бүгін Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев Мақтаарал ауданындағы Келес ауданы жауапты болып бекітілген эвакуцияланған пункттерде болып, жергілікті тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Келес ауданы Фирдауси және Жантақсай елді мекендеріндегі тұрғындарды эвакуациялап, уақытша жатын орындармен қоса азық-түлікпен қамтуға бекітілген еді. Бүгінгі таңда Жантақсай елді мекеніне, су деңгейі төмендеп елді мекенге топан су зиян жеткізбегендіктен, тұрғындар өз үйлеріне қайтарылды. Ал Фирдауси елді мекенінің тұрғындары Келес ауданы дайындаған 4 эвакуациялық пункттерде жатыр.
Күні кеше Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Фидауси ауылының тұрғындарына 3 түрлі ұсыныс айтқан болатын. Ең бірінші, өзге елдімекеннен жаңа мөлтекаудан соғып, сол жаққа көшу; Екінші, суға кеткен ауылдағы үйлерін қалпына келтіру; Үшінші, әрбір тұрғын үйін өзі салуға ниет білдірсе, оған өтемақы төлеу; Бұл үш ұсынысты таңдауды тұрғындар өзара ауыларалық жиналыста шешетін болды. Бұдан бөлек, тұрғындар апат аймағында жүргізілетін құрылысқа шақырылды. Құрылыс жұмысына қатысушы азаматтарға жалақы төленеді. Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің шығынын Үкімет төлеп береді. Олардың несиесін төлеу уақыты кейінге шегеріледі.
Осы ұсыныстар бойынша Ақментай Есбаев Фирдауси ауылының тұрғындарымен тікелей диалог орнатып, пікірлерн білді. Сондай-ақ ауыл азаматтары түсінбеген сұрақтарына жауапты аудан әкімнен толыққанды біліп алды.
© Келес ауданы әкімінің баспасөз қызметі