Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Тұлға » ҚАЖЫМҰҚАННЫҢ БАТАСЫ

ҚАЖЫМҰҚАННЫҢ БАТАСЫ

Таяуда Павлодар облысы, Қашыр ауданы Тереңкөл ауылында тұратын сексен жасқа толған Мағатай Мұстафина мынадай әңгіме айтып берді.

Апамыз әңгімесінде былай дейді: – Менің келін болып түскен жерім осы өзіміздің ауданымыздағы қазіргі Федоровка ауылдық округіндегі, кезінде (Максим Горький ауданы) Қызылтудың Қоянды деп аталған жері болған. Мұстафа әулетінен, баласы Сләмғалының үш қыздан кейінгі көрген ұлы Жасаумен отау құрдым.

Бір кездері аталарымыз осы Қоянды ауылында тұрыпты. Содан ХХ ғасырдың басында, 1929 жылдың қараша айында сол кездегі аудан орталығына Қажымұқан Мұңайтпасов атамыз келіпті. Ол кезде әр ауыл жеке-жеке болып, әр қырдың астында отыратыны белгілі. Мысалы, Айтпай ауылы, Батырхан ауылы және біздің ұлы атамыздың ауылы дегендей. Балуан атамыз Мұстафа әулетін әдейі іздеп келген екен. Ол кезде атамызды іздеп келген адамдар үйден кетпей, бір жұма атамыздың әңгімелерін, сыр-сұхбатын естуге, айтқан өнегелі сырларды тыңдап, қонақ болып, риза көңілдерімен аттанатын. Қажымұқан бабамыздың руы – қыпшақ. Біздің де атамыздың руы осы болған.

Тегі балуан атамыз Омбыдан сапарлап келе жатқан болса керек. Содан Ертіс өзенінің шетінде отырған елден осы маңайда өзіне аталас, рулас болатын адамдар бар ма? – деп сұраса керек-ті. Жөн білетін кісілер біздің ұлы атамызды ауызға алып, Томарлы ауылының арғы жағындағы Қоянды ауылында Мұстафа деген ақсақалдың бар екендігін айтып, жол көрсетіп, жөн сілтеп, ауылға алып келген ғой. Осы Қажымұқан атамыз үйге келгенде, оны көру үшін жиналған жұрт таң-тамаша болып, аты Алаш жұртына, бүкіл әлемге танылған балуан­ды көріп қайран қалыпты. Құлақтары жырым-жырым, мұрын, бет пішіні бәрі тыртық-тыртық. Өзінің руласы әрі қадірменді ақсақалмен танысып, сәлем беруге келген балуан екі-үш күн ғана қонақ болам дегенімен, екі жұма біздің елде қонақ болып, аздап өнер көрсетіп кеткен екен.

Тоқал тамның іші-сырты адамға лық толып, тіпті ортадағы айналма пешті құлатып кетіпті. Жігіттер тез арада сылап, сипап, ретке келтіріп, суып қалған үй ішін қайта жылытыпты. Төрде шынтақтай жатып, аяғының бақайларымен еңгезердей жігіттердің сандарынан, аяқтарынан шымшып, бақыртыпты. Тамақты аз-аздан жейтін көрінеді. Сонда алып денесіне қарамай, тамақты аз жеп отырғанына қайран қалған атамыз «Неге тамақты аз жеп отырсың?», деп сұрапты.

Сонда Қажымұқан: – Ой, ақсақал, асап тамақ жей беретін болсам бала-шағамды кім асырайды? Мен тек бәстескен кезде ғана жеймін, – деген екен.
Қажымұқан біздің ұлы атамыз Мұстафадан: «Ақ­сақал үкілі тақия киген үш қызды көріп отырмын, ат ұс­тайтын, ер баладан немереңіз жоқ па?» – деп сұраған екен. Атамыз жарықтық, «Жоқ, Құдай бұйыртса болатын шығар…» дейді ғой, сонда Қажымұқан атамыз:

– Ақсақал, менің сізге айтарым, төртінші немереңіз дүниеге ер бала келеді. Сол балаңызға төрт молданы шақырып, азан шақырып, солардың есімін қойыңыз! – деген екен.

Екі жұма жатып, аттанатын кезі келгенде ұлы атамыз күмістелген, беліне байлап жүрген кісесі болуы керек, әлде белбеу, соны балуанға беріпті. Қажымұқан қанша алмаймын десе де атамыз, «Мені әдейі іздеп келдің. Туыстығымыздың бір белгісі болсын, тақпасаң да, төріңде ілулі тұрсын» деп сыйлапты. Кетерінде балуан бабамыз өзін шығарып салып тұрған дүйім жұртқа риза болып, ұлы атамызды қасына шақырып бата беріпті.

Әуелі Алла оңдасын,
Оң жолына бастасын
Сексен түйең боталап,
Сегіз келінің қомдасын.
Одан туған ақ бала
Ақ кежебенің үстінде
Ақ шабақтай жайнасын.
Күр-күр батам, күр батам
Сақтап жүрген, сүр батам
Бергеніңді беттеп бер,
Бермегеніңді сақтап бер
Өсіп келе жатқан ұрпақтарыңа
Алла тағала тек жақсылық беріп,
Аман-есен жүріп, сіздердің жолдарыңызды берсін!

Аллам берекесін берсін, Қулхуалланың қуатын берсін.

Не болса-дағы, Алла тағала қайырымен берсін.

Аллауакпар! – депті.

Ұлы атамыз Мұстафа үш қыздан кейін немересі ұл бала, менің күйеуім болған Жасау дүниеге келгенде сол кездегі өздерінің төңіректеріндегі төрт молда Қожа, Ахмет, Жасау және Иден деген молдаларды шақыртып, азан шақырып, сол адамдардың аттарын қойған екен. Кейіннен төрт аттың бәрі құжат алған кезде сыймай, Жасау қалған ғой. Азамат болып, ер жетіп, әскери борышын өтеп келгеннен кейін 1955 жылы маған кездесіп, Алланың жазуы ғой, мен сол жігітке тұрмысқа шығып, үй болдық. Бала-шаға өсіріп, солардың қызығын қызықтадық.

Ербол АМАНҒАЗЫҰЛЫ

Павлодар облысы, 
Тереңкөл ауылы

 

Пікір жазу