Қажымұқан өзінің бір отырысында әндетіп айтқан:
Сұрасаң арғы атам ұзын қыпшақ,
Тәңірім беріп еді өлшеусіз бақ.
Шын бабам қарақыпшақ Қобыланды,
Тең келер ондай ерге қандай қазақ.
(«Күш атасы», 157-бетте).
Осы қысқаша ғана берілген шумақта өзінің арғы заты, ата-бабалары қазақ тарихында болған белгілі тұлғалар екені менмұндалап тұр. Оған талас жоқ. Бертін келе кейбір жерде, тіпті қазақтың зиялы азаматтарымен кездесіп қалсақ: «Осы Қажымұқан кімдікі?» деген өрескел сұрақтар пайда болып жүр. Бұл сұрақтардың аржағы белгілі. Ашып айтсақ, шымкенттіктер: «Қажымұқан біздікі» десе, ақмолалықтар «Жоқ, ол біздікі» деп шығады. Мені 2006 жылы Қазақ радиосының тілшісі шақырып: «Аға, шынын айтыңызшы, Қажымұқан солтүстіктікі ме, әлде оңтүстіктікі ме?» деп қойып кеп қалды. Мен: «Қажымұқан солтүстіктікі де, оңтүстіктікі де емес, ол – қазақ халқының ұлы» дедім.
Кеңес өкіметі үстемдік жүргізіп тұрған кезде Қажымұқан жайында шыққан естелік-кітаптарда көп құпия сырлар айтылмады. Оның қажылығы, Алаш партиясымен болған тығыз байланысы, 1937 жылдардағы зобалаң кезінде Омбыдан (Ресейден) Шымкент (Қазақстан) өңіріне қашып келгендігі, тағы басқалары да жазылмады.
Қажекең туралы білу үшін әлі іздену керек-ақ.
Батырды «кімдікінің» аржағы – оның қай өңірде дүниеге келгені, қай аймақта өсіп-өнгені. «Кімдікі» деп таласып жүрген азаматтарға ақпарат ретінде туған, өскен жерін айтуға болады. Онда тұрған не бар?
«Қажымұқан Ақмоладағы Қараөткел дуанына қарасты Қоспа деген жерде дүниеге келген» («Күш атасы», 150-бетте). Қазіргі орны Астанадан қырық шақырымдай солтүстік-батыс бағытында. Тағы бірі, Ж.Бектұровтың жазып кеткені: «Қажымұқанның туған топырағы – Целиноград іргесіндегі Сарытерек маңы. Есіл өзенінің оң жақ қапталы. Оның ағайындары осы Сарытерек (Максимовка) пен Тасмола (Семеновка) арасында отыр. Жиырмасыншы жылдары ел ішін бір аралағанда атақонысына салдырған өз үйінің орны да осы арада жер болып жатыр» («Күш атасы», 245-бетте).
Бұл аралар сол уақытта Запсибкрайға бағынған, орталығы Омбы қаласы болған. Осы жерлер – Қажекеңнің кір жуып, кіндік кескен Арқаның аяулы кең даласы. Бай-көпестердің: Қалипа, Козулин, Масляковтардың жалшысы, малшысы болған кез; өскен, өнген, ерекшелігі білініп, палуандығы халықтың көзіне түсіп, білек-күш өнерін әрі қарай үдетуге себеп болған киелі аймақ.
Құдайға шүкір, қазақ халқының киелі де қасиетті ерлері, жерлері Шығыста да, Батыста да, Оңтүстікте де, Солтүстікте де мол. Қажекеңді бөлісетін қажеттілік жоқ.
Қалиәкпар ӘМІРЖАНОВ,
Қазақстанға еңбегі сіңген дербес зейнеткер,
мәдениеттанушы, ҚР мәдениет қайраткері