Қажымұқан әйгілі әнші Майрамен де тату дос болыпты. Майра бір жерге барып өнер көрсетсе, әншіні көргісі келген жұрт киіз үйдің жабығын жыртып, туырлығын тілгілеп тастайды екен. Майраның өнеріне есі кеткен жігіт-желеңнің бәрі әншінің айналасынан шықпайды. Майраның жанында жүретін атқосшы серіктерге де оңай болмаған. Кеудесіне нан піскен бұзық, есерсоқ жігіттер оларға дөңайбат көрсетеді, қоқан-лоққы жасап ықтырады.
Ол кез халықтың өнерге деген ықыласы алабөтен уақыт. Жас кезінде Майраның атқосшысы болған әнші Байғабыл Жылқыбаевтың: «Қоянды жәрмеңкесінде қатарымызға Қажымұқан қосылды. Қажымұқан келгесін басбұзарлар жым болып, Майраға арнайы тігілген ақ боз үйдің маңайынан аяқтарын байқап басатын болды. Сөйтіп көзіміз ашылды», – деп айтқан естелігі бар.
Қажымұқан Майраны қатты еркелетіпті. Ол уақытта Қоянды жәрмеңкесінде Майраға арнайы үй тігеді екен және ол үйдің орнын Майраның өзі белгілейді екен. Бірде үй тігушілер киіз үйдің орнын көрсетіп беруді өтініпті. Майра болса: «Мына жерге тігіңдер» деп үлкен тас жатқан орынды көрсетті. «Ойбай-ау, тас жатыр ғой, қайтеміз?» – деп абдырап қалыпты үй тігушілер. «Алып тастайтын азаматтар бар ғой», – депті Майра.
Сондағы алып тастайтын азаматы Қажымұқан екен», – дейді. Құж жартастай Қажымұқан Майра тіккізген үйдің төрінде жатып ән тыңдайды екен. Алапат күштің иесі болса да, жаны соншалық нәзік болыпты. Майрадай замандас құрбысын, басқа да өнерпаз, әншілерді еркелетіп, қорғап, демеп жүріпті.
Жадыра Нармаханова
(«Ақ желкен», №8. 2014 жыл)
(Тақырыбы өзгертілді)
Дереккөз: alashainasy.kz