Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Тұлға » ҚАЖЫМҰҚАННЫҢ КӨЙЛЕГІ

ҚАЖЫМҰҚАННЫҢ КӨЙЛЕГІ

Күш атасы Қажымұқанның көйлегін жетпіс жыл рахаттанып жамылған Рахат аға. Ұлылар, ұлыларға жөн сілтеп тұратындай. Былтыр Ұлы хан Абылайдың 300 жылдық тойы дайындығымен жүріп Ақмола облыстық Ұлттық спорт мектебінің директоры Марат Хойшиннің кабинетінде, үстел үстінде жатқан Көкшетау қалалық «Степной маяк» газетінің бетіндегі, орасан үлкен көйлек киіп тұрған адамның суреті көзіме оттай басылды. Мараттан сұрасам ол, күш атасы Қажымұқанның көйлегі Көкшетауда тұратын Рахат Көбелеков деген ағайда сақтаулы деді. Мекен жайын сұрап беруді өтіндім, ана мынамен жүріп уақыт өте берді. Бірақ, іздеген табады. Рахат ағаны таптым. Сәл сырқаттанып қалған екен. Бірақ мені жайдары қарсы алды. Көйлектің иесі кім және құнды затқа қалай қолы жеткен.

Рахат ағамыздың тегін тектесек кіші жүздің Адайы екен. Әкесі Шымкент жаққа қызметпен келіп орнығып қалған. Өзі университет бітіріп жолдамамен Көкшеге келіп тұрақтап қалады. Әкесі Барыс Москвадағы Бүкіл одақтың зоотехникалық институтын бітіріпті. Студент кезінде ҚазССР- нің мәдениеті мен өнерінің он күндігі болады. Қазақтың не бір жақсы жайсаңдарының қатарында Қажымұқанда барады. Өнер иелеріне Москвада оқып жүрген студенттермен бірге Барыста сәлем беруге келеді. Осы кезден бастап Барыспен, балуан атаның таныстығы басталып, аға бауырлыққа ұласады. Барыс тауысып Гурьев, Оңтүстік Қазақстан облыстарында Қаракөл елтірісін дайындайтын совхаздарда дитректор және аудандық , облыстық дәрежедегі лауазымды қызметтер атқарады.

Барыс Гурьев облысынан Сыр бойына көшіп келеді. Көшу себебі бала тоқтамай, шетіней берген. Содан 1945 жылдың наурызында Рахат ағамыз дүниеге келеді. Бала дүниеге келседе, шілдехана жасай алмай алдыңғы балаларының жолына түсеме деп, аузы күйген ата ана, қиналады. Ақбөпе бала қырқынан шықпай шілдехана жасамауды Барыстан өтінеді. Бірақ жұбайы көнбейді. Ойлана келе, шілдехана жасауға дайындалады. Шілдехана кешінде баланың ыстығы көтеріліп , шырқырап жылайды. Ауылдағы фельдшер орыс келіншек келіп көреді. Орыс көңілге қараушы ма еді. Орыстың орғып тұрған Совет заманы емеспе. Жоғары температураны көрген орыс келіншек, балаң өледі, дайындала бер десе керек. Ел ұлар шу қиналады. Осы кезде шілдеханаға шақырылған Қажымұқанда тарантасымен жетіп келеді. Жайды елден естіген Қажымұқан адымдай басып бөлеулі балаға жетеді. Фельдшер ойбай, жолама деп, бақырады. Қажекең: — « Әй доктор, ничего, ничего, абажий, я знаю» деп, баланы бесіктен шештіріп, көтеріп алады.

Көтеріп тұрып, «Бисмиаллаһ» деп, біршама сөйлесе керек. Діннен алыстаған қазақтар күш атасының не айтқанын,қайдан білсін. Көргендердің айтысы: — «Аман болып, мендей балуан бол. Бұл менің балам. Аты Рахат болсын» — дегені, ғана естерінде қалады. Баланың аузына түкіріп, көйлегін шешіп баланы орап Ақбөпеге қызуы басылғанша шешпе деп, ұстатады. Аңтарылған елге қарап Барыс тойыңды бастай бер. Балаң ештең етпейді, сауығады. Доктор келіншекке «За здоровье» деп, бір екі стаканды қағып жіберіп үйіңе қайт деп — балуан, таудай болып, шекпенін желбегей жамылып, малдас құрып, өз жанынан шығарған өлеңін оқыпты . Шілдехана тойланады. Бала тыныш ұйықтайды. Содан бала сауығып, өсе береді. Осылай Рахат ағамыз Қажымұқанның көйлегіне ие болып қалыпты.

— Міне 70 жылға таяу жастанып, жамылып жатып жүрмін. Көйлекті көргенде көңілім марқайып, қолпитып киіп алғанда өзімді теңдесіз алып адамдай сезінемін — дейді, Рахат аға рахаттанып. Көйлек қолмен жөрмеп бөзматадан тіккен. Машинамен тіккендей, тігісі білінбейді. Қызықтап жай ғана өлшедік. Көйлектің жағасы 58 см, екі иығының арасы 76 см, кеуде тұсының жалпы ұзындығы 2 м екен. Бұл көйлек жайлы 1980 жылы Жанайдар Мусин біреулерден біліп «Көкшетау правдасы» және одақтың орталық газеттеріне журналист Тайлақ Жалмүрзеновке материал дайындатып жариялатқан екен. Бірақ, совет кезінде Қажымұқанды қазақтың бір туар ұлы, ұлтшылы ретінде көрсету сотталумен, соттатумен бірдей болғандықтан, көйлек жайлы ғана жазылыпты.

Осы хабарды естіп білген поляк балуаны Диновецкий деген Польшадан Қажымұқанның көйлегін көруге әдейі келсе керек. Кезінде Украйнаның бір ауылынан тоғыз жасында күшімен көзге түскен поляк Диновецкийді И. Под дубныймен Қажымұқан тәрбиелеп шәкірт етеді. Сол Диновецкий Қажымұқанның аруағын силап әдейі Польшадан келіп, ойын көрсетеді. Көйлекті көреді. Көйлекті бетіне басып ұзақ жылапты. Қандай асыл ағалар едіңдер, заман алмағайып болып тоз-тозымыз шықтығой деп, аһ ұрыпты. Көйлекке қолқа салған бірақ Рахаттың әкесі бере алмайтынын айтқан. Одан кейінде көйлекке құда түскендер көп екен. Бұл көйлек екеміз жетпіс жыл бірге жасастық Жас ұлғайды. Керек жер болса тапсырамыз. Ел көріп игілігіне жаратсын. Сақтауда қиындап барады деп, Рахат ағамыз сөзін аяқтады. Расында қазақтың бір туар ұлы, күш атасы, ұлт қаһарманы Қажымұқанның көйлегі сынды құнды жәдігер, ел жұрт көретін ұлттық мұражайда тұрса, ел игілігіне жарайтыны даусыз.

Автор: Дахан ШӨКШИР

Суретте: Көйлек иесі Рахат Барысұлы Көбелеков.

alashainasy.kz

 

Пікір жазу