Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Тұлға » Қажымұқан өмірінен жаңа деректер

Қажымұқан өмірінен жаңа деректер

«Өлең сөздің патшасы» мен қара күштің бет қаратпас алапат қара дауылы фәниде бір рет кездесіпті. Ұлы Абай Омбыға барған сапарында Қажекеңді іздеп тауып, бір үйде қой сойғызып, қадірлі қонақ еткенін, ақыл-кеңес бергенін балуанның өзі естеліктерінің бірінде айтқан. Ұшырасу екеуінің де тағдырларында бедерлі белгі қалдырған. Ақылман ақын «Көп адам дүниеге бой алдырған, Бой алдырып аяғын тез шалдырған» дегенді есті жігіттің есіне сол жолы зерделеген сияқты. Мұндай ойға берілуімізге Қажекеңнің шетелдердегі аумалы-төкпелі шақтарда да аруағын аяққа баспағаны, оңай олжаға қызықпағаны, жаны иненің ұшында тұрғанда да дүние беттің арын төгетінін ұмытпағаны себеп. Ол кісі Құдайдан кейінгі ең жақыны өз ұлты екенін жандүниесімен түйсініп, қазақтың атын ту көтеріп, ұры тісі ішінде, тас талауы сыртындағы Саркикидің – әпербақан сал сойылдың азғындығына зіл зауал болып жолықты.

Балуан ата әңгімені ұзын-сонарға салмай, ығыты келген тұста айтқанын өткізе, атқанын жеткізе қысқа қайырып, ұпай түгелдеп отырғаны қалжыңдарынан, балдызға айтқан өлеңдерінен айқын аңғарылады. Ең ғажабы – өзіне дейінгі тіл үлгілерін жаңаша құрып, мазмұн-мәнін тереңдете білуінде. Мұнан шығатын қорытынды: Қажекең – жаратылыс сыйлаған сұрапыл күш-қуаттың иесі ғана емес, күтілмесе күмістің де күлге айналатынын, «жылтырағанның бәрі алтын емес» екенін ұғынған, қанатын кеңге жайған білікті білімгер. Піл тұрпаттас балуанның титімдей мақұлықтан – тышқаннан қорыққандығы туралы қауесет – ел ішін әлі кезіп жүрген қарама-қайшылық ешқандай қисынға қиюласпайды. Көзкөргендердің көрнектеуінше рас та тәрізді. Алып атамыз естеліктерінің бірінде тышқанның өзінен емес, шиқылынан шошитынын тілге тиек етіпті. Демек, ол кісі тышқан арқылы адам мінезіндегі майдалықты, шиқылы арқылы пыш-пыштаған өсек-аяңды тұспалдаған. Кейде Қажекең замандастарының кейбіріне тышқаннан қорыққандай қылық көрсеткені шындық. Неге өйтті? Бұл ретте Қажекеңнің қазақ халқының арасынан шыққан тұңғыш кәсіпқой әртіс екенін ұмытпағанымыз жөн. «Алты өлеңмен білдірдім әннің жайын» деп Абай жазғанындай, ұлы балуан өзінің парасатты ірілігін, ақылының биіктігін, қаптесерлерден безінуін салыстырмалы түрде жеткізген, қылығының астарында «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген пәлсапа жатыр. Мұны атамыздың әлеуметтік өмір құбылыстарына көзқарасы деп те бағалауымызға болады.

Рауан БЕГАЛИЕВА, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі проректоры.

 

Пікір жазу