Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Тұлға » «Елiмде болса – менiкi, менде болса – елiмдiкi!»

«Елiмде болса – менiкi, менде болса – елiмдiкi!»

Шежіре бойынша Қобыланды батырдың он бірінші ұрпағы саналатын Қажымұқан атамыз кілең батырлар туған текті әулеттен шыққан. Төртінші атасы Сәді батыр – Абылай ханның үзеңгілесі. Сол Сәді батырдан Ернақы, Ернақыдан Таңатар, Тәшім, Мұңайтпас, Марқа батырлар тараған. Өз заманында атағы алты Алашқа мәшһүр болған Ернақы батыр Қараөткелге барғанда Айсарыдай аруды ұшырастырып, шаңырақ көтереді. Ернақы батыр ел жұтай бастаған кезде 52 жасында дүние салады. Сондай қиын уақытта жалшылықпен күнелткен Айсары Қараөткелден Арқаға арып-ашып бара жатып қос атты арбалы кісіге жолығады. Отын тиелген арбаны орнынан қозғалта алмай әбігерленген әлгі кісі қамығып: «Осы арбаны тарта алатын ат болғанда…» деп күйінеді.

Сонда: «Байеке, қолымда төрт аяқты малым болмаса да, соның қызметін атқара алатын күш-қуатым бар» деп Айсары баймен он сомға шарттасыпты. Осылайша, әйелдің отынды үйіне жеткізіп бергеніне аң-таң болған бай оған он сомның орнына қырық сом, киім-кешек пен азық-түлік беріпті. Тіпті, сол кезде Айсарымен белдескен талай палуандар «жаздым, жаңылдым» деп зорға қашып құтылатын көрінеді.

Қажымұқанның өз әкесі Мұңайтпас та ауыл арасындағы той-думандарда күреске түскенде жауырыны жер иіскемегені үшін ел арасында Жуанаяқ атанған екен.

Меруерт ЕСКЕРМЕС, Қ.Мұңайтпасов атындағы облыстық спорт музейінің экскурсия жетекшісі, палуанның шөпшегі.

 

 

Пікір жазу