Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Тұлға » Қажекең 1883 жылы туылған деген дерек шындыққа жақын

Қажекең 1883 жылы туылған деген дерек шындыққа жақын

(Қажымұқан өмірінен жаңа деректер)

Шыбығы шырпылмай, қылауына қыл түспей тұрған аруақты атамыз 1913 жылы Троицк қаласында «Айқап» жұрналының хатшысы Жаһанша Сейдалинмен әңгімелесіп, жасының отызда екенін мәлімдепті. Мәлімет тасқа басылып, жұрналдың сол жылғы 21-нөмірінде жарияланған. Соған сенсек, алыбымыз 1883 жылы туылған. Қазақ даласы батырының «Поддубныйдан бір мүшел кішімін» дегеніне дөп келеді. Бұл жарияланымды «Айқаптан» оқып, мазмұнын өлеңге түсірген Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы: «Ұрғыны – ұзын Қыпшақ Алтыбасы, Туған жері – Қараөткел айналасы. Мойнында дәл он екі медалы бар, Отыздың тап өзінде тұрған жасы» депті. Біразымыз осыны тілге тиек етеміз де, Мәшһүр-Жүсіп пен Қажымұқанның қазақша қара киік (доңыз), григориан күнтізбесі бойынша 1923 жылы Баянтауда кездескеніне, балуан он бесінші маусым, жұма күні өнер көрсеткеніне, сонда шежіреші ақынымыз «Қырық бесте Қажымұқан балуан өзі, Атына болған қанық дүние жүзі» дегеніне жете назар салмай жүрміз. Сананың көзін ашар санаққа ілсек, 1923 жылы 45 жастағы Қажекең 1878 жылы туылған болып шығады. Осындағы 45 жас та шамамен алынған мөлшер. Қарапайым қатардағылар түгілі осындай шатасулар сауатты қызметкерлер арасында да орын алған. Бір ғана мысал келтірейік. Үкімет басында отырған Нұртас Оңдасынов Қазақстан коммунистік партиясы Орталық Комитетінің хатшысы Г.А.Борковқа жазған хатында Қажекеңнің 75 жаста екенін, 20 жасына дейін жалшылықта жүргенін баяндапты. Болашақ чемпион жалшылықтан ертерек кетіп, Санкт-Петербургте оқуға 18 жасында қабылданған. Онысын растайтын құжатын Сәбит Мұқанов көрген. Арадағы айырма екі жыл. 1913 жылы «Айқап» жұрналының хатшысы Жаһанша Сейдалинге Қажекең былай депті: – Мен Қараөткелге қараған алтыбас қыпшақтың 18 жасар баласы едім. Күреске жас күнімнен құмар едім. Бір жылы Омск шәһәріне орыстың Злобин деген балуаны келіп, ойында жұрттың бәрін жықты. Мен де сол ойынға талаптанып барып, Злобинмен күрестім.

Жоғарыдағы «он сегіз жаста едім» дейтін екі дерек шындыққа шықса, Злобинмен жекпе-жектің ізін суытпай, 1904 жылы (Ә.Бүркітбаевтың жазуында) Санкт-Петербургке жол тартып, сол жылдың күзінде тамаша ұстаз Иван Лебедевтің мектебіне 18 жасында қабылданған жігіт 1886 жылы туылған болады.

Қажымұқанмен 1946 жылы ауызба-ауыз сөйлескен ғалым Әуелбек Қоңыратбаев Омбыдағы циркте Злобин мен Қажымұқан белдесуі 1889 жылы өткенін, өзін-өзі қамшылаған талапкер сол күзде Тадаевско – Лебедев атындағы мектепке оқуға алынғанын қағазға түсіріпті. Осындағы 1889 жыл қисынға келмейді. Қазақ балуанының паспортындағы 1871-ге 18-ді қоса салған сыңайлы. 1871 – Қажекеңнің емес, Иван Поддубныйдың туылған жылы. Әуелбек ата Қоңыратбаевтың «Поддубный Қажымұқаннан 10 жас үлкен» деп жазғанын еске тұтсақ, Қажекең 1881 жылғы болмақшы. Ондай жағдайда 8 жастағы Мұқанның кәсіпқой балуан Андрей Злобинмен 1889 жылы күресуі нанымсыз нәрсе. Оның үстіне 1889 жылы Омбыда цирктің өзі түгілі жөн-жобасы да жоқ-тын. Сақталған тарихи құжаттарға зер салсақ, Сібірдің әйгілі қаласында 800 көрерменге лайықталған цирк-театрды 1898 жылы купец Сичкарев ашқан.

Егер Мұқанды 1871 жылы туылды десек, Лебедев мектебінің есігін 1904 жылы 33 жасында ашып, 38 жасында бірінші әйелі Надежда Чепковскаяға үйленбек. Екі жәйт те көңілге қонымсыз. Тұңғыш ұлы Халиолланың жасын құжатқа қате түсірткеніндей, өзінің туған жылын да паспортқа балуан бұрыс жаздыруы немесе әлдебіреулердің сырттай жорамалдай жазуы да әбден мүмкін. Қажекең «Поддубныйдан бір мүшел кішімін» депті. Осыған қарап 1883 жылы туылған деуге болады. Өйткені, Поддубныйдың екінші мүшелінің басталуы соған дөп келеді.

Қазақстан Республикасы Қазақша күрес федерациясының тұңғыш президенті болған, педагогика ғылымдарының докторы Ерғали Мұхиддинов «Қазақша күрес» кітабының 49-бетінде 1901 жылы Омбыда француз күресінен біріншілік басталғанын, Злобин мен Қажымұқан арасындағы тұңғыш белдесу өткенін, қазақ балуаны 17 жаста екенін жазыпты (қараңыз: «Қазақша күрес». Алматы, «Мектеп» баспасы, 2012 жыл). Сол кездесуді Қазақ Совет энциклопедиясы да 1901 жылы өтті деп көрсетсе, Әлімқұл Бүркітбаев 1904 жылдың көкек айына меңзейді.

Бас қатырарлық қым-қуыт болжаулар шырғалаңға түсірген соң, 1913 жылға ойша оралып, «Қазақ» газетінің тігіндісін парақтауға мәжбүрлендік. Аталмыш басылым 23 мамырдағы 23-нөмірінде «Балуан қазақ» деген мақала жариялап, былай депті: «Осы күні Петербург, Мәскеу һәм шет патшалықтарда күресіп, жауырыны жерге тимей жүрген балуан қазақ бар, аты Мұқан Мұңайтпасұлы. Ақмола облысы һәм уезі Сарытерек болысындағы қыпшақ. Жасы 30-дан жаңа асқан. Омырауы толған медаль. Күреске алып шыққанда тамашаға жиналған халыққа «Петербург халқының сүйкімді балуаны» деп таныстырады. Өзінің лақап аты «Муханура». Өткен қыс Петербург, Мәскеуде «Шишинадзе» деген цирктің балуаны болып күресіп жүрген.

Біздің қазақта орамал-шаршы алып балуандар болса да, бұл күнге дейін дүния аралап, атағын шығарып, қазақтың ұранын көтеріп жүрген балуан жоқ әлі. Мұқан балуан бұл турда біріншілікті алды. Бес-алты жыл мұнан бұрын Мұқан да ел арасында атақты балуан болып жүрген еді, талапты тәуекелшіл болғандықтан, басқа жұрттың талапкері істеген іске кірісті. Қазақ баласы һәр істе осындай талапты болса, ешкімнен кейін қалмас еді» («Қазақ» газеті. 1913 жыл).

Қажекеңнің өмірбаянына жаңа деректер қосатын мақалалар да батырымыздың туылған жылының шын шырайын түзей алмады. Бір-бірінен көш-құлаш қашықтықтағы цифрлар санамызда сан санаққа өтіп, ізденіс жалғасын тапты. Санкт-Петербург Орталық Мемлекеттік мұрағатындағы 568.956 суреттің арасынан Қажымұқанның бұрын жарияланбаған бейнесінің табылуы ойымызды орнықтыра түсті. Әлі отызға еркін тола қоймаған жігітті суретке түсірген «ресейлік фоторепортаж әкесі» атанған Карл Булла. Қажекеңнің оқырманға ұсынылған суреті 1912 жылы, классикалық күрестен Петербургте өткен халықаралық чемпионат кезінде түсіріліпті. Мұрағатта сурет Қажекеңе Иван Лебедев берген бүркеншек есімі «Муханура» деген атпен сақталған. Атақты балуан 1913 жылы Жақанша Сейдалинмен сұхбатында «жасым отызда» десе, 1912 жылғы бейнесі балуанның 29 жаста екенін айғақтайды.

Жазушы Николай Ановқа балуанның өзі Киевте өткен халықаралық біріншілікте чемпионаттың бас жүлдесі – 500 сомды олжалағанда 24 жаста еке­нін айтыпты. Бұл чемпионат 1908 жылы өткенін, ол кездегі қазақтар жасты жыл қайыру тәсілімен анықтағанын ескерсек, Қажекең 1883 жылы туылған деген дерек шындыққа жақын.

Рауан БЕГАЛИЕВА, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі проректоры.

 

Пікір жазу