Бұл туралы бүгін брифингте Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы С.Далиев айтты.
«Түркістан облысында 831 елді мекеннің 712-і (7 қала, 705 ауылдық елді мекен) яғни, 85,7 пайызы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, биыл ауыз сумен жабдықтау бойынша 53 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның 26-ын осы жылы аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. Ал қалған 27 нысанның құрылысы келесі жылға өтпелі», — деді басқарма басшысы Сәкен Шалабайұлы.
Спикердің сөзінше, жыл қорытындысымен, 13 елді мекенді (Сарыағаш-4, Келес-4, Қазығұрт-2, Ордабасы-3) ауыз сумен қамтамасыз ету, ал 14 елді мекеннің (Сауран-1, Қазығұрт-1, Төлеби-5, Жетісай-2, Мақтарал-1, Ордабасы-1, Шардара-1, Түлкібас-2) тозығы жеткен су құбырларын қайта жаңарту жоспарланған.
Сонымен қатар, орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілмеген 119 ауылдық елді мекеннің 71-не су құбырларын жүргізу, 48-не блок-модуль кешенін (КБМ) орнату жоспарлануда.
Айта кетейік, өңірдегі елді мекендерді 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында, облыс әкімдігімен «Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2022-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі