Қазақстан Республикасының Құтқарушылар күніне орай, Ақсукент ауылындағы Ш.Қалдаяқов атындағы ауылдық мәдениет клубында мерекелік іс-шара атап өтілді.
Іс-шарада Сайрам ауданы әкімінің аппараты заң бөлімшесінің басшысы Кайратбек Жаналиев ауданда төтенше жағдай саласындағы қызметкерлерді құттықтап, марапаттарын табыс етті.
— Құрметті төтенше жағдай саласының қызметкерлері! Сіздерді Қазақстан Республикасының «Құтқарушы күні» кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Өрт, су және газ тілсіз жау екен жақсы білесіздер. Кез келген уақытта табиғи апаттан, тұрмыстық жағдайда абайсыздан, техникалық қауіпсіздікті сақтамауынан шығуы мүмкін. Бұл өз кезегінде адамға немесе мекемеге материалдық шығыннан бөлек, адам шығынын да алып келуі мүмкін.
Осындай жағдайда Сіздер өз өмірлеріңізді қауіп-қатерге тігіп, үнемі төтенше жағдайда еңбек етіп жүрсіздер. Қызметтеріңізде әр кезде қиындығы кездесетін, әсіресе жеке өмірлеріңізге қауіп төндіруіне қарамастан, мәртебелі міндетті абыроймен атқарып келесіздер. Табиғи және техногенді апаттар кезінде, күнделікті сын сәтте сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Бұл қашанда ерлік жасауға, өзін құрбан етуге дайын болу деген сөз.
Құтқарушы мамандығын тек батыл адамдар ғана таңдайды. Сол себепті, адамды ажалдан арашалауда ауыр да абыройлы арқалаған міндеттеріңіздің тұрғындар тыныштығында алар орны ерекше.
Сіздер алдағы уақытта да қызметтік борыштарыңызды мінсіз атқарып, ел алдындағы маңызды міндеттеріңізді жалғастырып, ауданның дамуына және тұрғындарымыздың қауіпсіздігін сақтау жолында елеулі үлестеріңізді әрі қарай қоса беретіндеріңізге сенемін.
Ерен еңбектеріңіз ең жоғары бағаға лайық. Сондықтан, аудан өмірі үшін жан аямай күресіп, халық қауіпсіздігінде қалтқысыз атқарған еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін.
Жауапты жұмыстарыңызға табыс, отбасыларыңызға амандық пен баянды бақыт тілеймін! Еңбектеріңіз қашанда берекелді болсын! Аудан игілігі үшін атқаратын қызметтеріңіз сәтті, жемісті болсын!
Аудан әкімінің алғыс хаттарымен Сайрам ауданы ТЖБ аға инженері Н.Мекембаев, осы басқарманың инженерлері Ғ.Сопбек, М.Телеу, аға анықтаушысы А.Серік, №23 Өрт сөндіру бекетінің бастығы Н.Бекмағанбетов, №23 Өрт сөндіру бекетінен Т.Елтаев, №6 Өрт сөндіру бөлімінен Қ.Ешебаев, №17 Өрт сөндіру бекетінен Н.Қонысбаевтар марапатталды.
Іс-шарада аудандық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Мухан Баймбетов ізгі тілегін жеткізіп, қызметкерлеріне құрмет көрсетті. Өз кезегінде сала қызметкерлеріне қызметтегі жоғары жетістіктері мен адал қызметтері үшін «Мінсіз қызметі үшін» 2 дәрежелі және 3 дәрежелі төсбелгілері, сонымен қатар «AMANAT» партиясы Сайрам аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Алмас Абдикадировтің атынан марапаттары тапсырылды.
Іс-шара аудандық концерттік бағдарламамен жалғасты. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әсем әуендерін шырқап, тамаша көңіл-күй сыйлады.