Құрметті әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлері!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Еліміздің қай саласын алып қарасақ та әлеуметтік салаға артылған жүктің салмағы ауыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауда «Еліміздің әлеуметтік саласын жаңғырту мен азаматтардың әл-ауқатын арттыру – мемлекет саясатының басты мақсаты» деп атап көрсеткен болатын. Сіздер осы жолда нәтижелі еңбек етіп, тәні ауырған жандарға мейірім шапағатын төгіп, қажырлы еңбек етудесіздер.
Сіздердің еңбектеріңіз еліміздегі әлеуметтік саясатты оңтайлы жүзеге асыруға мүмкіндік беруде. Бұл адам құқықтары мен қоғамдық тұрақтылықтың сақталуының бір көрінісі. Аталған саланың басты құндылығы – кәсіби деңгейі жоғары, адамгершілік ізгі қасиеттерді бойына сіңіре білген қызметкерлердің көмекке зәру қарттарға, тұрмысы төмен отбасыларға және мүгедектерге қол ұшын созуға әрқашан әзір болуы. Қажырлы еңбектеріңіз, кең жүректеріңіз, өзгенің қайғысына көз жұмып қарай алмайтын адалдықтарыңыз үшін сіздерге алғыс айтамын.
Қадірлі әріптестер!
Осындай мерейлі күні әлеуметтік қорғау саласындағы еңбектеріңіз үшін өз ризашылығымды білдіре отырып, қыруар жұмыстардың ыстығы мен суығына төзіп, аянбай қызмет етіп келе жатқан Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақыт пен үйлесімділік, қиын да қызықты еңбектеріңізге мол табыс тілеймін!
Ізгі ниетпен,
Қазығұрт ауданының әкімі Арман Абдуллаев