Биыл Қазақстан 13 жылдан кейін алғаш рет Республика күнін тойлады. Бұл күн мереке қатарынан алынып тасталғанымен, биыл президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны қайтадан атаулы күндердің бірі етіп бекітті.
Республика күні – мемлекеттің символын айқындайтын маңызды мереке. Бала кезінен бастап балаларды Отанға деген сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздерге, ұлттық және мемлекеттік мерекелерге құрметпен қарауға баулу маңызды. Осы орайда, Түркістан қалалық кітапханалар жүйесіне қарасты мекемелерде бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Іс-шаралар өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында дамыту және олардың азаматтық сана-сезімін қалыптастыруға бағытталды.
Осы орайда, Түркістан қалалық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен 25 қазан – Республика күніне орай «Менің Туым -Менің Отаным» атты тақырыпта кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмені оқырмандар, кітапханашылар мен ардагерлер тамашалады.
Көрменің мақсаты – жастарға қазақстандық патриотизм, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін кеңінен дәріптеу және дамыту, Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұранға деген құрмет сезімін қалыптастыру. Көрмеге Ата заңымыз «Қазақстан Республикасының Конституциясы», «Қазақтың ата заңдары» құжаттар, деректер, және зерттеулер 10 томдық, Ж.Мәлібекұлының «Қазақстан Елтаңбасы. Герб Казахстана. State Emblem of Kazakһstan», С.Трофимованың «Қазақстан тәуелсіздігінің рәміздері», «Елтаным», Ы.Сағынтаевтың «Қазақстан Республикасының рәміздері», Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы», Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері тәуелсіздік нышандары», Ербол Шаймерденовтың «Қазақ елінің рәміздері» «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің қалыптасу тарихы» т.б. мемлекеттік рәміздердің тарихы мен маңызы жайлы, авторлардың өмірбаяны, егемендікті еншілегенге дейінгі еліміздегі тарихи рәміздер туралы материалдармен мерзімді баспасөз беттерінен алынған мақалалар қойылды.
25 қазан – Республика күніне орай қалалық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Қазақстан – қарашаңырағым» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелге өзбек этномәдени орталығының мүшесі Абдувалиев Тайыр, Шауғар тұрғындар алқабы халықпен жұмыс жүргізу секторы басшысының орынбасары Құлжабаев Бақытжан, Түркістан қалалық әйелдер алқасының мүшесі Тойлақова Раушан, Шауғар, Яссы секторы тұрғындар алқабының қызметкерлері, қолөнер колледжінің ұстаздары мен студенттері қатысты. Дөңгелек үстелді модератор, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Түркістан облыстық қазақ тілі қоғамының төраға орынбасары Пашанова Алима Сунетуллақызы жүргізіп отырды. Шара барысында бейбітшілік пен келісім адамзаттың асыл құндылықтарының бірі екендігін, жалпы бейбітшілікке, тыныш өмір сүруге ұмтылу қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиеттерінің бар екенін тарихтан белгілі екендігі жайлы айтылды.
№9 кітапхана-филиалының ұйымдастыруымен «Қазақстан — Ғажапстан» атты фото көрме ұйымдастырылды. Фото көрмеге балалар мен жасөспірімдер орталығының оқушылары мен ұстаздары қатысты. Шарада педагог Жүсіпәлі Айнұр Республика күнімен құттықтап, еліміздің жетістіктерін айтып өтті. Сонымен қатар оқырмандар Республика күніне орай өлеңдерді жатқа айтты.
№2 кітапхана-филиалының ұйымдастыруымен «Менің елім — Қазақстан» атты тарихи сабақ болып өтті. Іс-шараға Хамза атындағы №2 жалпы орта мектебінің оқушылары мен ұстаздары қатысты. Оқырмандар тарихи мерекеге арнап өлең оқыды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының тарихи кезеңдері туралы бейнеслайд көрсетілді. Н.Төреқұлов музейінің меңгерушісі Жексенбаев Омар ұлттық мерекемен құттықтап, тарихқа шолу жасады. «Мәңгілік елім — Қазақстан» атты көрме жасақталып, таныстырылды.
Балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Менің арманымдағы Қазақстан» атты тақырыпта эссе байқау ұйымдастырылды. Байқауға №27 ІТ мектеп-лицейінің 8-10-сынып оқушылары қатысты. Оқушылар болашақ Қазақстанға ойша сапар шегіп, әр бала өз қиялдарымен суреттеп, қағаз бетіне түсірді. Эссені қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстаздары Қарабекова Элвира, Өтебекова Айнұр, дефектолог Байжұманова Бибіхан, кітапхана меңгерушісі Әлмахан Нұргүл саралап әділ бағалады. 1-орынды 10-сынып оқушысы Қуанышбек Ақжарқын, 2-орынды Аманкелді Назерке, 3-орынды Абдусаттар Жарқын иеленіп, эссе жазуға қатысқан барлық оқушылар алғыс хаттармен марапатталды.
№5 кітапхана-филиалының ұйымдастыруымен А.Байтұрсынов атындағы №1 жалпы орта мектебінде «Тарихы құнды, болашағы нұрлы — Қазақстан» атты тақырыптық кеш болып өтті. Кешке мектеп ұстаздары мен оқушылар, кітапханашылар қатысты. Оқушылар патриоттық бағыттағы өлеңдер оқыды.
№11 кітапхана-филиалының ұйымдастыруымен М.Мәметова атындағы №6 жалпы орта мектеп оқушыларымен «Тәуелсіз ел – Қазақстан, көркіне көркі жарасқан» атты поэзия кеші болып өтті. Оқырмандар Отан, Республика, Қазақстан туралы өлеңдер оқып, «Сарыжайлау» күйін орындады. Сонымен қатар бейнеслайд көрсетіліп, Республика күніне орай жасалынған кітап көрмесімен таныстырылды.
№7 кітапхана-филиалының ұйымдастыруымен №21 кәсіптік индустриалдық колледжінде «Менің елім — Қазақстан» атты патриоттық кеш болып өтті. Патриоттық кеш колледж студенттері мен ұстаздарының орындауымен әнұран айтып бастау алды. Оқырмандар «Менің Қазақстаным», «Елім менің», «Ту», «Елтаңба» өлеңдерін жатқа айтты. Колледждің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Көлбай Әзімхан қатысып, ұстаздар мен студенттерді Республика күні мерекесімен құттықтады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда Республика күні 25 қазанда – 1990 жылы Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған күні тойланатын, сондай-ақ демалыс күні болып бекітілетін. 2009 жылдан бастап Республика күні мемлекеттік мереке ретінде аталмай келді. Сөйтіп, 30 тамыз — Қазақстан Республикасының Конституциясы күні, ұлттық мереке болып жария етілді. Ал Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды және бұл әдеттегі жұмыс күніне айналды.
2022 жылдың 16 шілдесінде Ұлттық құрылтайда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынды.