Шымкент қаласында «Қауіпсіз еңбек жылы» аясындағы кезекті кездесу «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек пен «Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы» басқармасының басшысы Бауыржан Қалжановтың қатысумен «ЗЕРДЕ-ФИТО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымында өтті.
Шымкент қаласында орналасқан «ЗЕРДЕ-ФИТО»» зауыты 1998 жылы құрылған. Дәрілік өсімдіктерден шөптер, шөптік препараттар, шөп шайлары және басқа да өнімдер түрлерін өндірумен айналысатын компания денсаулықты сақтау және жақсарту үшін тұтынушыларға жоғары сапалы, экологиялық таза шөптерден жасалған өнімдерді ұсынады. Кәсіпорында бүгінде 150-ден аса адам жұмыс жасайды.
Компания ұжымымен кездесу барысында қатысушыларға биыл «Қауіпсіз еңбек жылына» орай, еңбек адамының кауіпсіздігі басты назарда екені айтылып, еңбеккерлерге еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау, өндірістік жазатайым оқиғаларды болдырмау және еңбек дауларын алдын-алу, қауіпсіздік техникасының, электр қауіпсіздігінің және өртке қарсы профилактиканың қазіргі заманғы талаптарын ескере отырып, нақты өндірістік жағдайларда қауіпті және зиянды факторлардың әсер ету тәуекелдерін төмендету және жою, еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайын көтеру сынды түрлі ақпарат айтылды.
Жиында сөз алған Жарқынбек Құрманбек Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Әлеуметтік мемлекетке 15 қадамды қамтитын «Кәсіподақтар – әділеттілік үшін!» сайлауалды тұғырнамасының негізгі басымдықтарымен таныстырып өтті. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу шаралары жөнінде де әңгіме өрбіді.
Жиын соңында қатысушылар аталмыш шаралардың жиі болып тұруын айтып, алған мағлұматтарына алғыс білдірді.