Халқымыздың барлық ұлттық құндылықтары сияқты қазақ қолөнері де ұрпаққа рухани мұра болып табылады. Адам қиялының шексіздігін қолының ұсынықтылығымен көркем өнерге айналдырып, тұрмысқа қажетті мүлік әзірлеу – бабалардан келе жатқан асыл өнер.
Қарасаң көздің жауын алатын, тұтынсаң қажетіңді өтейтін бұйымдардың бірі – құрақ көрпе. Деректерге сүйенсек, ерте кезде әжелеріміз құрақ құрауды мата қиындыларын ысырап етпеу үшін ойлап тауыпты. Ал, сол құрақтан жасалған көрпе-көрпешелер бүгінде әр шаңырақтың шырайы, көркі. Осынау көркем еңбектің ар жағында қажырлы еңбек пен төзім жатқаны айтпаса да түсінікті. Құрақ көрпе тігіп, отбасын асырап әрі оны ел арасында насихаттап жүрген ісмерлердің бірі – Сарапхана ауылының тұрғыны Ботагөз Өмірзақова. Ол соңғы екі жылдан бері осы кәсіпті серік етуде.
Ботагөз құрақ көрпемен қоса қазақтың ұлттық киімдері мен ою-өрнекті перделерін тігумен де айналысады. Сонымен қатар ол ауылымыздың екі адамына жұмыс тауып беріп отыр. «Жасаған дүниемнің көпшіліктің көңілінен шығуы бойыма шабыт беріп, көңіліме шаттық сыйлайды. Әрбір адамның бойында ұлттық өнерге деген жанашырлық болуы керек. Алдағы уақытта тігін цехын ашып, онда 30-ға жуық адамды жұмыспен қамтысам деген ойым бар» дейді Ботагөз ханымның өзі. Ол осылайша өзінің ғана емес, ауылдастарының тұрмыс жағдайын көтеруді қалайды.
Н.МАХАН,
Сарапхана ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы.
Қазығұрт ауданы.