Бірінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар санаторийлік-курорттық емдеу уақытында және оңалту орталықтарына барған кезде жеке көмекшілері қызметін тоқтатпай ұсынуды талап етуде. Яғни, жеке көмекші жалақысын үзбеуді сұрады.
Бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының Қазығұрт ауданында өткен халықпен кездесуіне келген бір топ тұрғын осы мәселені көтерді. Сонымен қатар жүріп-тұруы қиын арбадағы мүгедек жандар емдеу ұйымына дейінгі жол шығынын өтеп беруді де сұрауда. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Облыс әкімі бұл ұсыныспен келісіп, аталған мәселені осыған дейін де мүгедектігі бар азаматтардың көтергенін айтты. Бұл мәселенің шешімі жергілікті атқарушы биліктің құзырына кірмейтінін түсіндірді. Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына осында өтініштер бұған дейін де бірнеше рет тіркелген. Тұрғындар көтерген мәселе заңда қаралмаған. Осыған орай басқарма тарапынан қолданыстағы қиғадаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу кезінде аталған мәселелерді қарау туралы ұсыныс Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолданған.
Облыс әкімі мүмкіндігі шектеулі жандармен бірқатар мәселелерді талқылады. Оның ішінде мүгедек жандар оңалту орталықтарының желісін кеңейту, медициналық көмек көрсету, қоғамдық көліктің қолжетімділігі сынды маңызды мәселелерді ортаға салды.
ҚР мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы Заңы бойынша 1 топтағы мүгедектігі бар адамдар жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтерін алуға құқылы.
Жеке көмекші — бұл мүгедектігі бар адамның тұрғылықты мекен-жайынан, діттеген жеріне дейін және қайтадан тұрғылықты мекен-жайына оның қажеттіліктеріне қарай алып жүру бойынша әлеуметтік қызметтер көрсететін маман.
⠀
Ерекше қажеттіліктері бар адамның жақын туыстары да жеке көмекшілер бола алады. Мұндай қызметтерді көрсету туралы келісім мүгедектігі бар адам мен жеке көмекші арасында тікелей жасалады. Жеке көмекшінің қызметтеріне ақы төлеу ертіп жүру бойынша қызметті ұсынудың нақты уақыты үшін жүргізіледі, бірақ күніне 8 сағаттан аспайды.