Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында Қазығұрт ауданындағы орталық алаңда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Жәрмеңкеде ауыл округтерінен келген шаруалар аудан тұрғындарына өз өнімдерін базар нарқынан төмен бағада ұсынды. Яғни, жеміс-жидек, көкөніс, бақша өнімдері арзан бағада сатылып, күзгі жәрмеңкенің берекесін кіргізді. Астық орағының аяқталуына байланысты аудан шаруалары мал азығын да жәрмеңкеге шығарды. Әсіресе, ет өнімдері молынан сатылды.
Нақтырақ айтқанда, Тұрбат ауыл округінен келген шаруалар қызанақ, қияр, болгар бұрышын, қақпақтық шаруалар көздің жауын алатын таңқурай мен қырыққабат, пияз өнімдері мен басқа да көкөністерін сөреге қойды. Сондай-ақ, шанақтық, рабаттық шаруалардың ет өнімдері де өз тұтынушыларын тапты.
Қазығұрт аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Марат Жолдасовтың айтуынша алдағы уақытта тұрғындар сұранысына сай жәрмеңке жалғасын таппақ.
А.БЕРМҰХАНОВА