Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қазығұрт » Қазығұртта кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді

Қазығұртта кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді

Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданында бүгінде кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Ауданда тұрмысқа қажетті барлық өнім өндірілуде. Азық-түлік өнімдері, құрылыс материалдарын Қазығұрттан табуға болады. Әрі олардың барлығы да сапалы өнімдер.

Оған аудандағы индустриалдық аймақтардың қосып отырған үлесі қомақты. Мәселен, «Қазығұрт» индустриалды аймағында тамақ өнеркәсібі соңғы әлетте қарқынды дамып келеді. Табиғи ауыз сулар мен жеміс сығындысынан дайындалған шырындармен қатар аймақта жылдам дайындалатын кеспелер де шығарылып жатыр. Еліміздегі ішкі нарықты қамтып қана қоймай, шетелдерге де экспортталуда. Арнайы қапталған кеспелер Орта Азия елдері, атап айтқанда Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мен Ресей және Латвия, Литва, Эстония, Германияға экспортталып жатыр.
2019 жылы қызметін бастаған кәсіпорын 100-ге жуық адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтыған. Әсіресе жергілікті тұрғындарға басымдық беріледі. Бұл өз кезегінде аудандағы жұмыссыздық мәселесін оңтайлы шешуге септігін тигізіп отыр. Әрі тұрғылықты халықтың әлеуметтік жағынан қолдау шаралары десек те болар. Екі қолға бір күрек табылғанына аудан тұрғындары да риза. Алдағы уақытта осы сынды кәсіпорындар көбейсе ауданда жұмыссыздар қатары мүлдем азаяр еді деген үміт те жоқ емес.
Кәсіпорын жылына 2 700 тонна өнім шығарады. Дайын тағамның жарамдылық мерзімі – 1 жыл. Дәмі тіл үйіретін, жылдам дайындалатын өнімге сұраныс та мол. Қазығұрттық кәсіпорын шығарған өнімнің дүкен сөрелерінде сарғайып жатқан кезі жоқ. Өтімділігі өте жоғары.
Жасырары жоқ, бүгінде жұмыстан қолы босамайтын, уақыт тапшы кезеңде жылдам дайындалатын тағамдарға сұраныс артып келе жатқаны белгілі. Сондықтан да нарықты жіті зерделеген өндіріс орнының ұтары көп болары сөзсіз.
Айта кетерлігі, өндіріс орны тапсырыс берушінің өз маркасымен де өнім шығару ісін қолға алған. Алдағы уақытта өндіріс аясын кеңейтуді жоспарлап отыр.

Пікір жазу