Өзге өңірлерде қандай болатынын кім білсін, Шымкентте маусым «жаңбырлы» да болады, қаласаңыз, «қарлы» да болып кетуі ықтимал. Біздің пайымдауымызша, Шымкент қаласы әкімдігінде аяқталмаған бір ғана маусым бар – ол сауатсыздық маусымы.
Мәселен, қала әкімдігінің Facebook әлеуметтік желісіндегі бар-жоғы екі-ақ сөйлемнен құралған соңғы жазбаның алғашқы сөйлемі мынау: «Шымкентте жаңбырлы маусым қарсаңында арналарды қыста жиналып қалған қоқыстардан тазартуда». Ненің арналарын, кім тазартуда? Және «қыста жиналып қалған қоқыстар» неге жиналып қалады? Шымкент қаласында қыс бойы ешқандай тазалық жұмыстары жүрмеген бе? Жүрген күннің өзінде, шала-пұла жасалған тірлік болды ма?
Енді екінші сөйлеміне назар аударайық: «Қаланың барлық көшелеріндегі арналарды мамандандырылған жұмысшы топ тазалауда». Мінеки, қызық! Күні бүгінге дейін «қаланың барлық көшелерінде» арналардың бар екенін, ол қандай арналар екенін білмеппіз. Телеарналар емес шығар деп отырмыз. Және тазалық жұмыстарымен қашаннан бері «жұмысшы топ» айналысатын болған? Жай топ емес, «мамандандырылған» топ екен өзі.
Осы олқы жазбалардың бәрін жария етіп отырған Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі «мамандандырылған» болатын күн келер ме екен?!.
Ә.Ә.