Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Болашақ » ТҮРКІСТАН: КОЛЛЕДЖДЕРДЕ БІЛІМ САПАСЫН КӨТЕРУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР ЖАНДАНАДЫ

ТҮРКІСТАН: КОЛЛЕДЖДЕРДЕ БІЛІМ САПАСЫН КӨТЕРУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР ЖАНДАНАДЫ

Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысының күн тәртібінде техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы өзекті мәселелер қаралды. Жалпы облыста – 42 860 студент, оның ішінде 30 мыңнан астам студент мемлекеттік тапсырыс аясында білім алуда.
Өңір басшысы білім сапасын көтеру, студенттердің білім алуын қадағалау, білікті оқытушыларды жұмысқа шақыру және түлектерді жұмыспен қамтуда шынайы деректер ұсыну жөнінде тапсырма берді. Сонымен бірге колледж басшыларын ротациялау, білікті мамандармен толықтыру мәселесін назарда ұстауды тапсырды.
– Колледждерге оқу гранттарын жариялауда қоғамға керекті мамандықтарға басымдық беріңіздер. Бізге техникалық мамандық иелері, құрылысшылар, ІТ саласы мамандары, инженерлер керек. Қаншама студент оқуды бітіріп жатыр. Білім деңгейі қалай? Мемлекеттен қаржы бөлініп, оқуға қабылданған студенттердің талапқа сай білім алуы қадағалансын. Студенттердің сабаққа келуін қадағалайтын бағдарламаларды жетілдіріңіздер. Оларды жұмыспен қамту да өзекті мәселе. Оқу орындары түлектерінің жұмыспен қамтылу көрсеткіші жөнінде жалған есеп емес, шынайы деректерді ұсынсын. Екіншіден, колледж басшылары шетелдің оқу орындарымен байланыс орнатып, озық тәжірибелерін алғаны жөн. Ізденіңіздер. Арнаулы жәіне кәсіптік білім беру саласына серпіліс қажет, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмашевтың айтуынша, биылғы оқу жылына бөлінген 15 344 орын толық игерілді. Өткен оқу жылында колледждерге 17 000 мемлекеттік тапсырыс бөлінсе, оның тек 11 110-ы игерілген болатын. Биылғы грант құны бір балаға шаққанда орта есеппен 693 000 теңгені құрайды. 2024 жылдың 1 қыркүйегінен шәкіртақы 43 000 теңгеге артады.
Мемлекеттік гранттардың дұрыс игерілуіне байланысты басқарма тарапынан колледж студенттерінің сабаққа қатысуына арнайы мониторинг жүргізілуде. Осы ретте, мониторинг жұмысын автоматтандыру мақсатында басқармаға қарасты 25 мемлекеттік колледж өз қаржаты есебінен білім алушылардың сабаққа қатысуларын қашықтан қадағалау үшін FACE ID ақпараттық жүйесін орнатуда. Қазіргі таңда 24 колледжде жұмысы толық аяқталған. Ал 1 колледжде жұмысы толық қараша айында аяқталады. Нәтижесінде FACE ID ақпараттық жүйесі басқармамен интеграцияланып, толық автоматтандырылады.
2020-2021 жылдары облыстағы 9 колледжге «Жас маман» жобасы бойынша материалдық-техникалық базасын заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтауға 2,5 млрд. теңге қаржы бөлінген. Нәтижесінде, «Жас маман» жобасына қатысқан колледждер, WorldSkills республикалық чемпионаттарына қатысушыларды дайындайтын орталыққа айналды. Өткен жылы Түркістан облысы 7 Ұлттық WorldSkills Kazakhstan чемпионатына 28 мамандық бойынша қатысып, 5 күміс, 3 қола, 7 арнайы жүлде жеңіп алды.
Облыстағы колледждерде 2 513 педагог жұмыс атқарады. Атап айтсақ, мемлекеттікте – 1 828, жекеменшікте – 685. 2022 жылы колледждердегі 446 педагог қызметкері мен басшылық құрам біліктілік арттыру курстарынан өтсе, 2023 жылы 1 283 педагог арнайы курстардан өткізілген.

Пікір жазу