Қай заманда болсын адамзат алдында тұратын басты міндеттердің бірі – бала тәрбиесі. Ал осы игілікті істе бойында ізеттілік, қайырымдылық, кішіпейілділік қасиеті бар, ата-анасын, Отанын құрметтей білетін, ұлттық санасы мен кісілік келбеті қалыптасқан саналы ұрпақ тәрбиелеу – барша педагогтер қауымының төл міндеті. Осындай ұжымның басын біріктіріп, жұмысын жоғары деңгейде атқарып отырған басшылардың бірі – Түлкібас ауданындағы Ә.Молдағұлова атындағы жалпы білім беретін мектеп директоры Күлшира Сейдалиева.
Ол 1975 жылы 22 қазанда Түлкібас ауданы, Ақбиік ауылында туған. Ленин атындағы орта мектепті бітірген соң, Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы педучилищеге оуға түсіп, үздік дипломмен тәмамдаған жас маман жоғарыда Ә.Молдағұлова атындағы мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек жолын бастады. Кейін М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де оқып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алды. Ұстаздық жолда өзінің біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілетін, қызметке деген жауапкершілігін байқатқан Күлшира Сейдалиева 2008 жылы директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, 2009 жылы мектеп директор болып тағайындалды.
Шәкірт жүрегіне жол табумен қатар, ұжыммен тіл табысып, айрандай ұйытып, ынтымақтыққа бастай білген білікті басшы алдымен мектептегі кадр мәселесінің тұрақталуына, педагогтердің жаңа талапқа сай жұмыс істеуіне жағдай жасап келеді. Ұстазы әділетті, шәкірті қабілетті мектепте 57 мұғалім жас ұрпаққа жан-жақты білім мен тәрбие беріп жүр. Оның ішінде16 педагог-зерттеуші,12 педагог-сарапшы,14 педагог-модератор қызметтерін атқаруда.
Аталмыш білім ордасының ойы озық, шығармашылығы шырқау, ізденісі ілгері ұстаздары білім бәсекелерінде бірнеше мәрте белсенділік танытты. Терең танымымен, тынымсыз тірлігімен тың серпіліс танытып үлгерген үлгілі ұстаздар мен шәкірттер түрлі аудандық, облыстық, республикалық байқаулар мен олимпиадалардың жеңімпаздары атанды. Атап айтқанда, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Г.Қойлыбаева «Медиа ұстаз» курсын, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Т.Кенжеева ұлттық құндылықты насихаттау бағытындағы «Алтыбақан» жобасын, Ә.Тәшенов атындағы шығармашылық оқу орталығының жетекшісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі М.Өмір-әлиева «Бір сынып – бір кітап» жобасын жүзеге асырып, жұмысын үйлестіріп жүрсе, география пәнінің мұғалімі С.Нұрғалиевтің «География пәнінен функционалдық сауаттылыққа бағытталған тапсырмалар» оқу-әдістемелік жинақ құралы баспадан жарыққа шықты. Еңбектері жинақталып, облыс көлемінде іс-тәжірибесі таратылды. Орыс тілі пәнінің мұғалімі Э.Қарымсақова, гео-графия пәнінің мұғалімі С.Нұрғалиевтің дарынды шәкірттері облыс, республика деңгейінде жүлделі орындарды иемденіп жүр.
Сонымен қатар үйірме жетекшісі Д.Сұлтанованың жетекшілігімен соңғы үш жылда білім мен өнерді қатар ұштастырған киелі білім ордасы алдағы күннің талабына сай зор міндеттерді орындауды мақсат етіп, мектеп оқушылары арасында жылда болатын облыстық өнер фестивалінде бас жүлдемен марапатталса, «Үздік тәрбие жұмысының жүйесі» тақырыбындағы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Н.Түменбаева аудандық, облыстық байқауларда бас жүлдеге ие болды. Педагог-психолог Б.Абдрайымова «Үздік жыл психологі» байқауына қатысып жүлдегер атанды.
10-сынып оқушылары «Адал ұрпақ» мектеп клубының аудандық, облыстық байқауында бас жүлдені иеленді. Сонымен қатар «Қазақстан балалары шексіз әлемде» атты республикалық кинофестивалінің аудандық кезеңінде lll орынды, «Өткір әлеуметтік тақырыптық бағыттағы бейне-өнім» аталымы бойынша ll орын, үздік операторлық жұмыс бойынша lll орын, музыкалық клип бойынша lll орын алды.
2022-2023 оқу жылында 9-11-сыныптар арасында өтілген республикалық пән олимпиадасы мен президенттік олимпиаданың (физика, математика, химия, биология) аудандық кезеңдерінде де бірнеше оқушы жүлделі орындарға ие болып, білімдерін дәлелдеген.
«Мың бала» ұлттық зияткерлік республикалық олимпиадасына 6-сынып оқушылары Қайратбек Арсен, Тілеуқұл Жанарыс аудандық, облыстық кезеңінен өтіп, республикалық олимпиадаға қатысып, жеңімпаз болды. 2-4-сынып пән олимпиадасы аудандық кезеңінен 4-сынып оқушылары Әбдімәлік Ислам математикадан ІІІ орын, Сағынтай Қарақат математикадан ІІ орынды иеленді. Төребек Қажығали 8-сынып оқушысы «Жұмыртқа қабығының топырақ құнарлылығына әсері», 10-сынып оқушысы Толыбек Айбектің «Жаһандық климаттың өзгеруі және оның адам денсаулығына әсері» тақырыбындағы ғылыми жұмысы аудандық кезеңде І орынға бағаланды.
«Әбіш оқулары» байқауының ғылыми жұмыс жобасы бойынша 11-сынып оқушысы Алпыс Анел аудандық кезеңінде І орын, облыстық кезеңінде ІІ орынды иеленді. «К чему не зарастет народная тропа» атты «Пушкин оқуларында» 9-сынып оқушысы Рәсілхан Назерке І дәрежелі дипломмен марапатталды. «Бірлігі бүтін елдің түтіні түзу ұшар» атты эссе байқауынан 9-сынып оқушысы Жартыбаева Аружан ІІІ орынды жеңіп алды. Мұқағали Мақтаевтың 90 жылдығына орай өткізілген «Мұқағали оқулары» байқауында 8-сынып оқушысы Ергешов Нұржігіт ІІІ орын алып, арнайы дипломмен марапатталды.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің кезекті Жолдауында: «Қазақстан – дарынды жастар мекені, ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз» деген болатын.
Міне, осындай үлкен жетістікті арқалап келе жатқан мектептің жетер жетістігі, алар асуы, бағындырар белесі әлі алда деген сенімдеміз.
С.ЖЕКСЕНБАЕВ