Арыс қаласының белсенді блогері, жеке кәсіпкер Азамат Байбосынов Арыс аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің жұмысымен танысып, бір күн бойы бірлесіп қызмет атқарды.
Шараның мақсаты- кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қауіпсіздігі, оның ішінде электроциклдер мен мопедтерді басқару жайттарының алдын алу. Осыған байланысты қоғам белсендісі тәртіп сақшыларымен бірге Арыс қаласы тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Жаңа заңға сәйкес 18-ге толған электроцикл немесе мопед басқарушыда арнайы жарық шағылыстыратын белгісі мен шлем, жүргізуші куәлігі болуы шарт.
Іс-шара кезінде түнгі уақытта жарықты шағылыстыратын заттарсыз жүруге, жолдың жиегіне шлемсіз шығуға болмайтыны түсіндірілді. Жаяу жүргіншілер өткелімен мопед, электр самокат пен велосипедтен түспей жүруге тыйым салынатыны ескертілді.
Жалпы электрлі самокатпен 25 км/сағат жылдамдықпен жолдың оң жақ шетінде, оның ішінде маршруттық көліктерге арналған жолақ бойымен бір қатарда жүре алады. Ал тротуар мен жол жиегінде, жаяу жүргіншілер жолында 6 км/сағаттан аспайтын жылдамдықты сақтау қарастырылған.
Аталған жол ережесін бұзатындар әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартылатын болады.
Өз кезегінде блогер Азамат Байбосынов: «Құқық қорғау қызметкерлері шара көріп жатқан жағдайда, полиция қызметкерлеріне ренжудің орнына балаларымыздың амандығын ойлайық! Олардың қауіпсіздігі бірінші орында. Бірлесіп қызмет атқарайық!»-деп атап өтіп, полиция қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тіледі.