Шымкент қаласында индустриялық аймақтар өндіріс қуатын арттыру мен инвестиция тартуда маңызды рөл атқарып отыр. Бұл аумақтарда жаңа кәсіпорындарды орналастыру нәтижесінде өңдеу өнеркәсібі қарқынды дамып, импортты алмастыру, экспорт көлемін ұлғайту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, заманауи технологиялық жобалар іске асуда, — деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала аумағында жалпы көлемі 1 276 гектарды құрайтын 7 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Қазіргі таңда жалпы құны 716,9 млрд теңге болатын 445 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 337 млрд теңгеге бағаланған 318 жоба іске қосылып, 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды.

Биылғы ірі жобалардың қатарында Орталық Азияда баламасы жоқ «QazAlpack» компаниясының алюминий банкаларын өндіру жобасын атап өтуге болады. Экспортқа сұраныстың артуына байланысты құны 30 млрд теңге болатын жобаның екінші кезеңі іске қосылды. Зауыт жылына 2,2 млрд дана алюминий банка шығарады. Нәтижесінде 112 тұрақты жұмыс орны ашылды.
Сонымен қатар, индустриялық аймақтарда инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Инженерлік-коммуникациялық желілер толық жүргізіліп, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалуда. Бұл өз кезегінде жаңа жобалардың уақытылы іске қосылуына және өндіріс көлемінің артуына мүмкіндік беріп отыр.
Алдағы уақытта индустриялық аймақтарда жоғары қосылған құны бар өнім өндіретін кәсіпорындар санын көбейту, инновациялық технологияларды енгізу және жергілікті кадрларды жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.
© Didarbek.kz