2025 жылдың басынан бері Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасы тарапынан 341 жер учаскесі мемлекет мұқтажына алынды. Бұл жұмыстар қаланың Бас жоспарына сәйкес, қала әкімдігінің қаулылары негізінде жүзеге асырылуда.
Соның ішінде 298 жер учаскесінің иесіне мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шарт негізінде қаржы төленді, ал 43 учаскеге тең бағалы жер учаскесі берілді.
Қазіргі таңда мегаполиске маңызды нысандардың құрылысына қарастырылған жер телімдерін мемлекет мұқтажына қайтару жұмыстары атқарылуда.
Негізгі бағыттар:
- Қонаев даңғылы жалғасының 5-кезеңінің құрылысына 270 жер учаскесі түседі, қазіргі таңда 253 учаскенің иесіне өтемақы төленіп, мемлекет мұқтажына алынды.
- А-2 автожолының (Бадам өзенінен Қазығұрт шағынауданындағы айналма жолға дейін) құрылысы 80 жер учаскесін қамтиды, бүгінде 25 учаскеге өтемақы төленіп, мемлекет мұқтажына алынды
- С.Бәйтереков көшесінің жалғасы – Ы.Алтынсарин көшесін (Алматы көшесінен Тұран шағынауданына дейін) қайта құру құрылысына 56 учаске қажет болса, 42 жер учаскесінің иесіне өтемақы төленіп, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылды.
- Қазиев көшесінің жалғасын салу үшін (Арғынбеков көшесінен Төлеметов көшесіне дейінгі аралығы) жалпы 25 жер учаскесі мемлекет мұқтажына алынуға жатады. Қазіргі таңда 21 учаске толық мемлекет меншігіне қайтарылған.
Бұл жұмыстар қала инфрақұрылымын дамыту мен жаңарту мақсатында өте маңызды болып табылады. Шымкенттің Бас жоспарына сәйкес жүзеге асырылып жатқан жер учаскелерін мемлекет мұқтажына қайтару арқылы қала аумағында маңызды нысандар мен көлік жолдарының құрылысын жүргізуге мүмкіндік жасалып отыр. Әсіресе, Қонаев даңғылының 5-кезеңі, А-2 автожолы және басқа да маңызды жобалар мегаполистің көлік жүйесін жетілдіруге және тұрғындарға ыңғайлы өмір сүру жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қала әкімдігінің жүргізген жұмыстарының арқасында жер иелеріне өтемақы төленіп, олардың құқығы толық қорғалады, ал қала тұрғындарына жаңа әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың пайда болуы жақын болашақта айтарлықтай артықшылық береді. Мұндай шаралар қаланың көлік жүйесінің дамуына, жаңа көше және жолдарды салуға ықпал етеді, әрі олардың қаланың тіршілігін қамтамасыз етудегі рөлі өте зор.
Жер учаскелерін мемлекет мұқтажына алу – бұл қаланың даму стратегиясын жүзеге асырудың маңызды кезеңі, себебі бұл жұмыстар мегаполистің болашақта тағы да өсіп, өркендеуіне өз септігін тигізеді. Қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарлар Шымкентті заманауи әрі ыңғайлы қалаға айналдыруда үлкен қадам болып табылады.