Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Болашақ » МҰҒАЛІМДЕРГЕ АРНАЛҒАН ӨҢІРЛІК СЕМИНАР ӨТТІ

МҰҒАЛІМДЕРГЕ АРНАЛҒАН ӨҢІРЛІК СЕМИНАР ӨТТІ

Түркістан облыстық білім басқармасына қарасты аудандық білім бөлімдерінде бүгін бірқатар ісшаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда:
МҰҒАЛІМДЕРГЕ АРНАЛҒАН ӨҢІРЛІК СЕМИНАР ӨТТІ
«Ауылдық елді мекендердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында Созақ ауданы, Шолаққорған ауылындағы А.Сүлейменов атындағы жалпы білім беретін мектеп мұғалімдеріне арналған өңірлік семинар өтті.
Семинарды Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі ұйымдастырды.
Тәжірибе алмасу мақсатындағы бұл шарада ұстаздар оқу процессіндегі жаңалықтармен бөліссе, кітапханашылар балалардың оқуға деген қызығушылын арттыру бағытында тренинг жүргізді. Сонымен қатар, мектеп психологтары балалармен жеке жұмыс жасау жөнінде сөз қозғап, практикалық жұмыстар жасады.
Айта кетсек, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ 2020 жылдан бастап ауылдық жерлерде білім беру сапасын жақсартуға негізделген «Ауыл мектебі» білім беру жобасын жүзеге асыруда.
ДІН САЛАСЫ БОЙЫНША 37 ПЕДАГОГПЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Сауран ауданының Мәдениет үйінде білім беру ұйымдарының Жаһандық құзыреттілік пәнінен сабақ беретін 37 педагогпен Дін саласы бойынша ақпараттық-насихттық тобының мүшелері мен республикаға танымал ғұламалардың қатысуымен кездесу өтті.
Бұл кездесуде арнайы дінтанушы, ғалым Жандарбек Зікірия Заманханұлы, Республикалық ақпараттық-насихаттық тобының мүшесі, аға оқытушы, ХҚТУ доценті Оразбай Сержан Қарсыбайұлы, Түркістан облысы Дін істер басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Жорабек Жандос Мұхтарұлы, Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің маманы Қалеке Марат Ержанұлы, Сауран ауданы білім бөлімінің әдіскері Алдияров Октябрь Қалдыбайұлы қатысты.
Кездесу барысында қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі — діни ағымдардың кері әсері т.с.с. көптеген тағылымды, ғибраты мол мағлұматтар мен ақыл-кеңестер айтылды.
КЕЛЕСТІК ОҚУШЫ ӨСІМДІКТІ ВЕГЕТАТИВТІ ЖОЛМЕН ӨСІРУ ӘДІСІН ЗЕРТТЕУДЕ
Келес ауданына қарасты №25 С.Сейфуллин атындағы жалпы білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы Ералхан Қазына Алтынбекқызы 3 жылдан бері жүзімнің бірнеше сорттарын жасыл қалемшелеу әдісімен өсіріп келеді.
Жасыл қалемшелеу – өсімдіктерді вегетативті жолмен көбейту тәсілдерінің бірі. Жасыл қалемшелер регенерация процессі барысында қалемше сабағынан қосалқы тамырларды, ал бүршіктерінің дамуы нәтижесінде өркендердің пайда болуын қамтамасыз етеді. Өсімдіктерді жасыл қалемшелеу әдісімен көбейту арқылы құнды шаруашылық қасиеттері бар генетикалық біртекті отырғызу материалын алуға болады.
Жас ғалым осы тақырыпта ғылыми жұмыс та жазды. Ғылыми жұмыстың өзектілігі «Корневин» өсу препаратын қолдану арқылы қалемшелердің тамырлану деңгейі жоғары, өсуі және жеміс беру мерзімі ерте болғанын зерттеу.
– Жалпы өсімдіктердің өсуін тездету үшін жасыл қалемшелеу әдісін қолдансақ нәтижелі болмақ. Келешекте жүзім сорттарын микроқалемшелеу, бүршікті көктету, зерттеу жұмыстарын жүргізуді ойластырып отырмын. Жүзімнің шамамен мыңдаған түрі кездеседі. Сондықтан бұл бағыттағы зерттеуім қызықты болмақ,-дейді Қазына Алтынбекқызы. Ғылымға құштар қыздың болашақ арманы — биотехнология саласында еңбек ету.
«АТА-АНАЛАРДЫ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚОЛДАУ» КАБИНЕТТЕРІ АШЫЛДЫ
Түлкібас ауданының білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарында, ата-аналарға педагогикалық дәрістер беріп, балалармен қарым-қатынаста психологиялық, педагогикалық тұрғыдан бағыт бағдар беру және отбасында жағымды психологиялық ахуал қалыптастыру мақсатында «Ата-аналарды білім беру ұйымдарында педагогикалық қолдау орталығы» ашылуда.
Жалпы аудан бойынша 60 мектеп директорлары, 70 тәрбие ісі бойынша директор орынбасарларына арналған жиын өтті.
Сонымен қатар, «Ата-аналарды білім беру ұйымдарында педагогикалық қолдау орталығы» бойынша алғашқы сабақтар басталды. Атап айтсақ: 1-4 сынып жетекшілері «Ата-аналар өмірінің жобасы – бақытты адам», 7-9 сынып жетекшілері «Баланың бас ұстазы – ата-ана», 10-11 сынып жетекшілері «Боламын деген баланың бетін қақпа, белін бу…». Ендігі кезекте ата-аналармен кері байланыс орнатып, тығыз қарым-қатынас жасау.
КЕЛЕСТЕ ОБЛЫСЫМЫЗДЫҢ ПЕДАГОГ — ПСИХОЛОГТАРЫ БАС ҚОСТЫ
Келес ауданына қарасты №10 «Игілік» жалпы орта мектебінде «Ата-ана мен бала арасындағы үйлесімді қарым-қатынасты қалыптастыру» тақырыбында аймақтық семинар өтті. Аймақтық тәжірибелік семинар Түркістан облысы білім басқармасының жылдық жоспарына сәйкес ұйымдастырылды. Семинарға Жетісай, Сарыағаш аудандарынан жалпы 40 педагог-психолог қатысты.
Жиында Білім беруді дамыту орталығының әдіскері Тлеубердиева Ғазиза Сабидулаевна білім саласының өзекті мәселелерін атап өтті. Сонымен қатар Келес ауданының білім бөлімінің әдістемелік кабинеттінің психологиялық жұмыстар жөніндегі әдіскері ата-ана мен бала арасындағы үйлесімді қарым-қатынасты қалыптастыру мақсатындағы педагог-психологтардың атқарып жатқан жұмыс барысы туралы баяндады.
Секциялық отырыстарда ата-ананың баламен қарым-қатынас мәселелері де талқыланды.
ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНДА ЖЕРЛЕСІМІЗ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ
Ресей Федерациясы, Новосибирск қаласында ағымдағы жылдың 31 қазан — 4 қараша аралығында «Дүниежүзілік ережесіз жекпе-жек Ассоциациясының» (IUFA) ұйымдастыруымен жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында унифайттан әлем чемпионаты өтті. Осы байрақты бәсекеде яғни, ережесіз жекпе-жекте арыстық өреніміз, облыс мақтанышы №8 В.Комаров атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы Құралбек Нұрсұлтан Әлемнің күміс жүлдегері атанды.
Әлем чемпионатының мақсаты — «Әмбебап жекпе-жекті» одан әрі танымал ету және қатысушы елдердің географиясын кеңейту, халықаралық спорттық байланыстарды нығайту және ұлттық федерациялар арасындағы тәжірибе алмасу. «Әмбебап жекпе-жек» бойынша әлемдегі ең мықты спортшыларды анықтау.
АНТАЛИЯДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОЛИМПИАДАҒА ҚАТЫСҚАН 12 ОҚУШЫНЫҢ 11-І ЖҮЛДЕЛІ ОРЫНДАРҒА ИЕ БОЛДЫ
2021-2022 оқу жылының 21 желтоқсан айында Түркістан қаласындағы №28 мектеп-лицей директоры Нысанкулова Лазат Жаналиевна Туркия мемлекетіндегі Халықаралық Туризм және меймандостық Академиясының ректоры М.С.Мурзамадиевамен Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі даму жоспарының стратегиясын, жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерді тереңдете оқыту, ғылыми – практикалық жобаларды жүргізу және интеллектуалдық деңгейін жан-жақты дамытуды жүзеге асыру мақсатында меморандумға отырғандықтан, жыл сайынғы олимипадаға шақырту алады.
Биылғы оқу жылында да аталған меморандум аясында №28 мектеп-лицей оқушылары шақырту алған. 2023 жылдың 29 қазан — 5 қараша күндер аралығында Туркия мемлекетінің Анталья қаласындағы «Туризм Академиясының» жыл сайынғы ұйымдастыруымен (2-4), (5-9), (10-11) сынып оқушылары арасында өткізілетін жалпы білім беретін пәндерден XV — Халықаралық олимпиада болып өтті.
Олимпиадаға Қазақстан, Ресей, Азербайжан, Өзбекстан, Кения, Нидерландия, Украйна, Алжир, Иран, Ливан т.б мемлекеттерден оқушылар мен студенттер келіп қатысады. Олимпиада: математика, ментальды арифметика, орыс тілі, ағылшын тілі, физика, химия, биология, түрік тілі, география, дүниежүзі тарихы, сурет, қоршаған орта пәндерінен өтті.
Айта кетейік, №28 мектеп-лицейден олимпиадаға 12 оқушы қатысып, 11 оқушы жүлделі орындарға ие болды.

Пікір жазу