Рухани қала Түркістанда №9 кітапхана-филиалының ұйымдастыруымен С.Рахимов мектебінің кітапханасында белгілі көркемсөз шебері, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай «Қазақтың қабырғалы қаламгері» атты танымдық сағат өтті, деп хабарлайды «didarbek.kz» ақпаратық агенттігі. Іс шара барысында МКТУ студенті Абдурахманова Динара Шерхан ағаға арнау айтты, Түркітілдес кітапханашысы Сейтенова Жансая көркем ой мен көсем сөздің шебері Шерхан Мұртаза халқымен бірге жасап, қатар тұрып қалыптасқан қайсар тұлғаның өмірбаянымен таныстырып өтті.
Оның елге бергені, айтқаны, көрсеткен үлгісі, сілтеген жолы ұшан—теңіз. Жемісті қоғамдық қызметімен ұштастыра білген, бүкіл шығармашылық ғұмырында жазу өнеріне соншалықты жауапкершілікпен ыждағаттылықпен қарап көркемдіктің биік шыңын бағындыра білген көркемсөз шебері, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның шығармаларымен Темирова Саида таныстырып, үзінді оқып берді. Кітапханашы Малдыбекова Фариза кітап көрмесімен таныстырып өтті.
ХХ ғасырдағы классикалық қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің туындыларынан көптеген дүниелер кездестіруге болады. Балалар әдебиетінің жарық жұздызы Б.Соқпақбаев, Халық жазушылары С.Мұратбеков, Ш.Мұртаза сияқты таланттылардың ғұмыры мен шығармаларының арасында нәзікте әсем, әсерлі рухани көпірі бары белгілі.
Қазақ жұртының кешегі зұлымат соғыс кезіндегі қиын-қыстауды, жоқшылық, жұтшылық ауыр өмірді қалай бастан кешіргенін сәби жүрегімен сезініп, саналарының түкпіріне сақтаған балалар өсе келе сол тағдырды арқау еткен теңдессіз дүниелерді өмірге алып келді. «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді», «Жусан исі», «Жабайы алма», «Бұлтсыз күнгі найзағай», «Қырық бірінші жылғы келіншек», «Ай мен Айша», «Интернат наны» т.б. туындылар қаламгерлердің жеке өмірінен алынғанымен тұтас бір ұлттың тағдыр-шындығын көркемдік пен көмкерген құнды дүниелер.